Таеквондодан әлем чемпионаты: Қазақстан құрамасында 2 күміс, 1 қола
Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында таеквондодан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты өтті.
Дүниежүзінің 129 елінен келген мыңнан аса спортшы бірнеше салмақ дәрежесі бойынша бақ сынады. Осынау байрақты бәседе Қазақстан құрамасы 2 күміс, 1 қола медаль жеңіп алды. «Нұрәлі Махмұттың алтын алатын мүмкіндігі болған. Алайда қазылар қараулық жасады», - дейді бапкерлер.
Нұрболат Жаңбыров, таеквондодан Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы:
- Махмұд Нұрәлі таза алтын медаль алды деп айтуға болады. Себебі финалдық бәсекелесте басқа тиген соққыны төрешілер ұпайын бейне реплэй жасады. Содан кейін ұпай болған жоқ деп карточканы алып қойды. Одан кейін тағы да 4 рет тиген соққыда электронды жүйе жанбады.
Нұрәлі Махмұт, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Негізі өзім юниорға енді кірдім. Бірінші жылым болғандықтан орын алу қиын болады деп ойлағанмын. Бірақ өзімді қолға алып, 6 бой ойнадым, финалға бары, екінші орын алдым.
Қызылордалық Нұрай Қазынабек те күміс медаль иеленсе, қоланы Теміржан Тасқын қанағат тұтты.
Нұрай Қазынабек, әлем чемпионатының күміс жүлдегері:
- Маған осы жолы жартылай финал мен финал ауыр соқты. Жартылай финалдағы қыз ауыр болды. Финалға енді бір қадам жетпей қалды.
Теміржан Тасқын, әлем чемпионатының қола жүлдегері:
- Осы әлем чемпионатында өзімді сәл жақсырақ сезіндім деп ойлаймын. Себебі бірінші әлем чемпионатында кішкене қобалжыдым, дұрыс шыға алмадым. Екінші айналымда ұтылып қалдым. Қазір осы әлем чемпионатымда жартылай финалға дейін бардым. Иран елінің спортшысына ұтылып қалдым.
Жас таеквондошылардың аяқ алысы жаман емес. Әлем мықтыларымен терезесі тең өнер көрсетті. Осы қарқындарын жоғалтып алмаса, жас өрендеріміздің болашағы жарқын.
Футболдан Қазақстан құрамасы осы аптада ұлттар лигасы аясында Австриямен кездеседі.
Жерлестеріміз Кремс-на-Дунае қаласында дайындық жұмыстарын бастап кетті. Австриямен Қазақстан арасындағы ойын 10-ші қазан күні Линц қаласында өтеді. Екі команданың да турнир кестесіндегі жағдайы мәз емес. Қоржындарында бір ұпайдан ғана. Сондықтан алдағы кездесуде алаң иелері жеңіске жету үшін аянып қалмайды.
Станислав Черчесов шәкірттері де ұлттар лигасында ұтылмауы тиіс. Өйткені Норвегия мен Словения ұзап кетеді. Одан кейін Қазақстан құрамасы Алматыда Словенияны қаблылдайды.
Жандос Айтбайұлы