Үшкемпіров турнирі мәреге жақын. Спорт жаңалықтары
Бүгін Сербия астанасы Белград қаласында бокстан дәстүрлі Бранко Пешич мемориалы басталады. Бұл сынға әлемнің 16 елінен 100 ден аса былғары қолғап шебері келіпті. Сербияда ел намысын Санжар Тәшкенбай бастаған 12 боксшымыз қорғайды. Бүгін Ерасыл Таңқай Армениялық Нарек Хоранисянмен жұдырықтасса, 71 келіде Сабыржан Аққалықов шаршы алаң иесімен кездеседі.
Үшкемпіров турнирі мәреге жақын.
Астанада Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровті еске түсіруге арналған грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі палуандар арасында халықаралық турнир өтіп жатыр. Осымен 4-ші мәрте ұйымдастырылып отырған дәстүрлі сынға Орта Азия елдерінен бөлек алғаш рет Бельгия мен Хорватия, Украина мен Сауд Арабиясынан да үміткер келіп отыр. Осыдан-ақ жарыс деңгейінің жылдан жылға жоғарылап келе жатқанын аңғаруға болады. Кеше 5 салмақ дәрежесі бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 82 келі салмақта Ерасыл Жеңістің тамаша жеңісі жанкүйерлерді бір желпінтіп тастағаны анық. Әзербайжандық Исмаил Рзаевтан ұтылып жатып таразы басын өзіне аударған Ерасылдың ер мінез танытты. Бұл жарыстың ұтыс қоры да қомақты. Яғни жеңімпаздар 1,5 миллион теңге алса, күміс жүлде 1 млн қолаға 500 мың теңге беріледі.
Шахмат шеберлері Қарасайда бас қосты
Алматы облысында классикалық шахматтан I халықаралық ашық турнир басталды. Қарасай ауданындағы спорт кешенінде өтіп жатқан жарысқа АҚШ, Украина, Нидерланды, Армения, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Қазақстаннан 200-ден шахматшы қатысуда. Соның он екісі гроссмейстер, жиырмасы халықаралық дәрежедегі шебер ойыншылар. Турнирге шақырту алғандардың арасында Гиннестің рекордтар кітабына енген АҚШ гроссмейстері Тимур Гареев, Бүкіләлемдік Шахмат Олимпиадасының жеңімпазы, Еуропа чемпионы Александр Моисеенко бар. Қазақстанның атынан әлем чемпионы Ксения Балабаева, Азия ойындарының жеңімпазы Мұртас Қажғалиев, әлемдік доданың жүлдегері Аңсат Алдиярлар сынға түсіп жатыр. Турнир айналмалы және швейцар жүйесі бойынша өтеді.
Гүлмира Дәулетова, ҚР Шахмат федерациясының атқарушы директоры:
-Он екі адам гроссмейстер атағына таласады. Сонымен қатар екінші жарысымыз өтіп жатыр. Ол «В» турнирі деп аталады. Ол жерде классикалық ойыннан 30-ға жуық ойыншы қатысып жатыр. Сонымен қатар «С» турнирі бар. Ол жерде 200-ден астам ойыншылар қатысып, блиц түрінен жеңімпазды анықтап жатыр.
Тимур Гареев, жарысқа қатысушы:
- Қазақстанның шахмат федерациясынан осы турнирге шақырту алғаныма қуаныштымын. Блицтегі алғашқы ойыным өте тартысты өтті. Ол кездесуде мен жеңіске жеттім. Енді классикалық шахматқа кірісіп жатырмыз. Бұл – өте қиын форматтағы ойындар. Өз басым халықаралық турнирлерге үздіксіз қатысуға тырысамын. Қарсыластарымның көбі – жақында Мәскеуде өткен турнирден оралған қыз-жігіттер. Сондықтан бұл – деңгейі өте жоғары жарыс.
Шенділер шеберлік байқасты.
Қызылордада Ішкі істер министрлігі Күзет қызметінің бөлімшелері арасында қазақ күресінен республикалық турнир өтті. Сыр елінде төселген боз кілемде екі күн бойы жеті салмақ бойынша сынға түскен 150 үміткер өз ара кім мықтыны анықтады. Апайтөс алыптар бәсекесінде Абай облысының шекарашылары алдына жан салмады. Күміс белбеуді Жамбылдық әскерилер қанжығасына байласа, Жайық жағасынан келген палуандар үштікті түйіндеді. «Бүгінде Ұлттық спорт соның ішінде қазақ күресімен шұғылданатын құқыққорғау органдары қызметкерлерінің қатары артып келеді. Мұндай іс-шаралар ұлттық құндылықтарды ұлықтаумен қатар, қызметкерлердің дене дайындығы мен рухын көтеруге сеп болады»,— дейді жарысты ұйымдастырушылар.