Түркістан облысында ауыл спорты жанданып келеді
Ұлыстың ұлы күніне орай Түркістанда волейболдан жасөспірімдер арасында ашық біріншілік басталды.
Жарысқа Сауран ауданындағы ауылдардан сайдың тасындай іріктелген 10 команда келіпті. Алдымен «Ынтымақ» командасы «Түркістаннан» басым түссе, «Шорнақ-1» волейболшылары «Ашаның» апшысын қуырды. Ал «Төбеліктер» «Шорнақтың» екінші командасын жеңді. Алғашқы айналымды «Қарашық» пен «Теке» командалары түйіндеді.
Тартысты өткен ойында «Қарашықтың» асығы алшысынан түсіп финалдық кезеңге жолдама алды. Іріктеуден іркілмей өткен командалар енді жүлделі орындарды өзара сарапқа салады. Мамандар мұндай жарыстар ауыл спортын дамытып, жас волейболшылардың шеберлігін шыңдауға сеп болатынын айтады.
Бақытжан Тәжіхан, сауран аудандық спорт мектебі директорының орынбасары:
- Осы 10 команданың ішінен жақсы нәтиже көрсетіп жатқан балалардан бір команда құрып, облыстық жарыстарға жібереміз. Балалар спорт мектебі болғандықтан, біз мүмкіндігінше облыстық жарыстарға барамыз. Барынша осы балаларды қолдаймыз. Ауылды жерде біздің жаттықтырушыларымыз спорттың 9 түрінен жұмыс істеп жатыр.