Қарағандыда қазақ күресінен Азия Кубогы өтті
Биылғы боз кілем бәсекесі Қазақстанның Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Диханбай Биткөзовтың жүлдесіне арналды. «Сарыарқа батырлары» деп айдар таққан жарысқа Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Тәжікстан және Моңғолиядан балуандар келді. Елдегі қазақ күресінің мықтылары да кеншілер қаласына жиналды.
Жарыстың ашылу салтанатында белгілі бапкерлер Марат Жақыт пен Диханбай Биткөзов спорт ардагері төсбелгісімен марапатталды. Азия кубогында Ержан Еренғайыпов пен Жұмажан Қожамбеков және Рузимон Тугушев топ жарды. 66 келіде бас жүлде Өзбекстанға кетті. Мансұр Шырынов қарсыластарын түгел жығып, кубокқа қол созды. Чемпиондар 400 мың теңге ақшалай сыйлыққа ие болды. Екінші, үшінші орын алған балуандар да қаржылай марапат алды.
Мақсат Ахметбеков, қазақ күресінен аға жаттықтырушы:
- «Сарыарқа батырлары» осы 2019 жылдан республикалық турнир болып басталған. Биылғы жылдың ерекшелігі – әр облыстан бір құрама командадан қатысып жатыр. Бір салмақта бір баладан және бес мемлекеттен спортшылар қатысып жатыр.