Хабар телеарнасы

Қазақстан құрамасының боксшылары Таиландқа аттанды. Спорт жаңалықтары

Қазақстандық дзюдошылар Әбу-Даби қаласында өтіп жатқан әлем чемпионатын ерте аяқтады. 78 келідегі Аруна Жангелдина мен 70 келіде сынға түскен Екатерина Токарева жүлдеге жақындай алған жоқ. Аруна алғашқы белдесуде ағылшын Эмма Рейдтен жеңіліп қалса, Екатерина екінші кезеңде испан қызы Ай Цунодоға есе жіберді. Ал Ұлттық құрама боксшылары Таиландқа аттанды.

Қазақстан құрамасының боксшылары Таиландты бетке алды. Ұлттық команда Бангкок қаласында Париж Олимпиадасының соңғы жолдамаларына таласады. Әлемдік іріктеу турниріне 133 елден 600 боксшы қатысады. Таиландта соңғы 51 жолдаманың иегері анықталады. Әйелдер арасындағы сайыста Қазақстан атынан Назым Қызайбай, Ұлжан Сәрсенбек, Наталья Богданова, Римма Волосенко және Валентина Хальзова сынға түседі. Ерлер құрамасында тек 63,5 келіде лицензия жоқ. Бұл салмақта Мұхаммедсабыр Базарбайұлы шаршы алаңға шығады. Париж Олимпиадасы қарсаңындағы шешуші жарыс 24 мамырда басталып, 2 маусымға дейін жалғасады.

Мұхаммедсабыр Базарбайұлы, бокстан ұлттық құрама мүшесі:
-Мақсат Таиландтағы лицензиялық жарыста топ жарып, Олимпиадаға жолдама алу. Олимпиадада 63,5 келіде чемпион атану. Негізгі қарсылас көп, көп боксшы жолдама алмады. Куба боксшысы, Индия елі, Болгария боксшысына есе жібердім, Италияда сол келеді.

Әлемнің айтулы теннисшілері Парижде бас қосады 

Франция астанасында Ролан Гаррос турнирі басталады. Рейтингте төмен тұрған теннисшілер қазір іріктеу кезеңінде сынға түсіп жатыр. Қазақстандық Михаил Кукушкин швейцариялық Леандро Ридиді 6:4,6:3 есебімен ұтып, келесі кезеңге шықты. Жерлесіміз енді Австралиялық Ли Тумен кездеседі. Ал Дмитрий Попко іріктеуді ерте аяқтады. Еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик Лион қаласында жүр. Қазақстандық теннисші АТР 250 санатындағы жарыста Австралиялық Александр Вукичтен басым түсті. Есеп: 6:4,6:2. Бублик ширек финалда ресейлік Павел Котовпен кездеседі.

Ұлы дала жорығының 4-күні аяқталды

Командалар дәл қазір Ақмола облысының Жолымбет ауылының маңына тоқтады. 400 шақырымға бірінші болып Алматы қаласының командасы жетті. Екінші Жетісу, үшінші Маңғыстау облысының құрамасы келді. Ертең шешуші кезең командалар соңғы 100 шақырымды бағындыруға барын салады. Айта кетейік, үшінші рет өтіп жатқан жорық 500 шақырымға шақталған. Бас жүлде 15 млн теңге.

Бақытжан Тұрлыбеков, «Joryq» ат спорты федерациясының президенті:
-Жорықтың 80% аяқталды. Аттарымыздың жартысынан көбі келе жатыр. Бәрі будан аттар өзіміздің қолтума аттарымыз жақсы нәтиже көрсетіп жатыр.

Шымкентте көкпардан жастар арасында ел чемпионаты басталды.

Сайысқа әр өңірден 12 команда мен 140-қа жуық шабандоз қатысып жатыр. Тақымға серке басқан жігіттердің сайысы 30 мамырға дейін жалғасады. Жаттықтырушылар жас спортшылар мен тұлпарлардың дайындығы жоғары деңгейде екенін айтады. Үздік шыққан жігіттер мен ерекше бапталған көкпар аттары ұлттық командаға қосылады.