Хабар телеарнасы

Дзюдодан Олимпиадаға қай спортшы баратыны анықталады. Спорт жаңалықтары

Дзюдодан 60 келіде Олимпиадаға кімнің баратыны Алматыда анықталады. Бұл салмақта үш балуан өзара Париж жолдамасын сарапқа салады. Нұрқанат Серікбаев пен Елдос Сметов және Мағжан Шамшадин арасында қай жеңгені Францияға билет алады. Олимпиада лицензиясы спортшыға емес, ұлттық құрамаға беріледі. Рейтинг бойынша үш балуанның ұпайы кешенді сынға қатысуға жетеді. Бірақ әр салмақта бір дзюдошы ғана Олимпиадаға қатысады. Қазір Олимпиадалық рейтингте Нұрқанат Серікбаев 15-орында тұр. Елдос Сметов 22-і, ал Мағжан Шамшадин 24-орынға жайғасты. Шешуші белдесу 7 маусым күні өтеді.

Алматы облысы Өтеген батыр кентінде жасөспірімдер арасында шағын футболдан ашық біріншілік өтті.

Турнирге 16 команда қатысты. «Жарыс мақсаты - жастарды спортқа баулу, ауыл балаларының қабілетін дамытып, салауатты өмір салтын қалыптастыру»,— дейді ұйымдастырушылар. Көкмайса алаңда доп тепкен балалар бар шеберліктерін көрсетті. Үздік ойыншыларға бағалы сыйлықтар мен футбол формасы тарту етілді. Финалда қарсыластарын айқын ұтқан Байсерке ауылының жастары Алматы облысының чемпионы атанды.

Нұрлан Түймелиев, жарысты ұйымдастырушы:
-Жасөспірімдерді тәрбиелеуге, осындай спорттық шараға өзіміз күш салып жүрміз. Себебі, болашағымыз жастар. Денсаулығы мықты, ойы зерек жастарды тәрбиелеу үшін оларды спортқа баулуымыз керек.