Футболдан Қазақстан әйелдер құрамасы Армениядан басым түсті. Спорт жаңалықтары
2025 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу ойыны Алматыда өтті. Қазақстан сапынан Александра Бурова, Аида Гайстенова, Бибігүл Нұрышева және Әселхан Тұрлыбекова мергендігімен көзге түсті. Қорытынды есеп: 4:1. Мадияр Кембілов баптайтын қазақ қыздары іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 4 турдан кейін ұлттық құрама 3 ұпаймен ең төменгі сатыда тұр. Топ басына Румыния және Армения келеді.
Қазақстан ерлер құрамасы кезекті оқу-жаттығу жиынын Алматыда өткізді.
Алдағы жолдастық ойындарға жігіттерді бас бапкердің көмекшісі Руслан Балтиев дайындайды. Жиынға шақырту алған футболшылар сапында өзгеріс бар. Тізесін жарақаттап алған Әділхан Добайдың орнына «Елімайдан» Михаил Габышев командаға қосылды. Ислам Чесноков, Александр Зуев және Бекхан Шайзада да алдағы ойындарға қатыса алмайды. Үшінші қақпашы ретінде Данил Устименко құрамаға шақырту алды. 7 маусым күні Қазақстан Ереван қаласында Армениямен жолдастық кездесу өткізеді. Төрт күннен кейін Әзербайжанмен алаңға шығады. Бұл матч Венгрияның Сомбатхей қаласындағы «Халадаш» стадионында өтеді. Бүгін ұлттық құрама Ереванға ұшып кетті.
Кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы кезекті жекпе-жекке дайындалып жатыр.
«Спаррингті бастадық. Алда 100 раунд күтіп тұр. «Жаттығу жақсы жүріп жатыр. 13 шілдеде қазақ стилін көрсетіп, жарқын жеңіске жетеміз»,— дейді Әлімханұлы. Жерлесіміз Лас-Вегас қаласындағы бокс кешінде Жаңа Зеландиялық Андрей Михайловичпен жұдырықтасады. Арал мемлекетте өсіп жетілген орыс жігіті кәсіпқой рингтегі барлық кездесуін жеңіспен аяқтаған. 25 жастағы боксшы енді IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағына таласады. Бұл белбеу Жәнібекке тиесілі. Михайлович-Әлімханұлы жекпе-жегі 13 шілдеде өтеді.
Новак Джокович Ролан Гаррос турнирімен қош айтысты.
Сербиялық теннисшінің оң тізесі сыр беріп, сіңірі үзіліп кетіпті. Новак бүгін ширек финалда Каспер Руудпен ойнауы тиіс еді. Норвег жігіті жарысты жартылай финалда жалғастырады. Джоковичтің жарақатына байланысты әлемдік рейтингте өзгеріс болады. Дүйсенбіден бастап Италиялық Янник Синнер бірінші орынға көтеріледі. Сонымен қатар, Франция ашық біріншілігінің жаңа чемпионы анықталады. Былтыр Ролан Гаррос турнирінде серб жігіті топ жарған еді. Биылғы бәсекеде бас жүлдеден Карлос Алькарас үмітті. Испан теннисшісі ширек финалда грек Стефанос Циципастың осал тұсын тапты. Есеп: 6:3, 7:6, 6:4. Алькарас финалдық жолдаманы Янник Синнермен сарапқа салады.