Хабар телеарнасы

Елдос Сметов Париж Олимпиадасына барады. Спорт жаңалықтары

Әлішер Ерғали Венгрияның Будапешт қаласындағы халықаралық рейтингтік турнирде топ жарды. Қазақстандық балуан еркін күрестен 97 келіде жеңіске жетті. Осы салмақтағы Ризабек Айтмұқан қола жүлдегер атанды. Аса ауыр салмақта Жүсіп Батырмұрзаев финалда ұтылып, күмісті еншіледі. Ал Алматыда дзюдодан 60 келіде Олимпиадаға кім баратыны анықталды.

Елдос Сметов қатарынан үшінші Олимпиадасына барады. 60 келіде екі мәрте кешенді сында жүлде алған дзюдошы үшінші медаль үшін белді буды. Сметов осы салмақта Олимпиадаға іріктеу турнирінде үздік шықты. Елдос алдымен Мағжан Шамшадинмен татамиге шығып, шидо әдісімен жеңіске жетті. Кейін шешуші белдесуде Нұрқанат Серікбаевтан айласын асырды. Кездесу қосымша уақытқа дейін созылып, Сметов нәтижелі әдіс жасап үлгерді. Париж Олимпиадасына Қазақстан атынан 8 дзюдошы қатысады. Франция астанасындағы дзюдо жарысы 27 шілде мен 3 тамыз аралығында өтеді.

Азия чемпионаты: Қазақстан велоспортшылары алғашқы жарыс күні 3 алтын медаль ұтып алды

Қазақстандық велоспортшылар тасжолдағы Азия чемпионатының алғашқы жарыс күні үш алтын медаль ұтып алды. Ұлттық құрама элиталық топтағы аралас эстафетада жеңіске жетті. Ересектерден кейін жасөспірімдер жарыс жолына шығып, бас жүлдені ешкімге ұстатпады. Параспортшылар да құрлық біріншілігінің жеңімпазы атанды. Бүгін қыздар арасындағы 16 шақырымдық сайыста Мария Елькина топ жарды. Қазақстандық велоспортшы 11 елдің өкілі қатысқан жарыста алдына жан салмады. Ұлдар арасындағы бәсекеде Михаил Подлужный көзге түсіп, мәре сызығын үшінші болып қиды. Бұл сында Тайпейлік Ен Тенг Жанг Азия чемпионы атанды.

Жетісу облысында жамбы атудан ел чемпионаты басталды

Жасөспірімдер арасындағы біріншілік тоғызыншы мәрте ұйымдастырылды. Сайысқа өңірлердегі іріктеу турнирінің жеңімпазы атанған 60-қа жуық спортшы қатысып жатыр. Жауынгерлік өнерді жанына серік еткен қыз-жігіттер «Азия», «Мажар», «Түркі» және «Жамбы» стилі бойынша үздіктерді анықтайды. Төрт күндік жарыста мергендігімен көзге түскендер ұлттық құрамаға қосылып, спорт шеберлігіне үміткер аттанады.

Нұрасыл Мейірұлы, жарысқа қатысушы:
-Көкшетау қаласында өткен чемпионатында түрік нысанасынан бірінші орын, Жамбы нысанасынан үшінші орын және тайтұяқ ұтып алған болатынмын. Бүгінгі жарыстан үздік үштіктен көрінемін деген үміттемін.