Азия чемпионатында жас шахматшылар 25 медаль жеңіп алды
Қазақ елінің шахмат шеберлері құрлық біріншілігінде қарсылас шыдатпады. Алматыда аяқталған жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында ұл-қыздарымыз 25 медаль жеңіп алды. Оның 12-сі алтын.
Шаршы тақта алдында шеберлік танытқан Әдинұр Әлібек пен Сүлеймен Ахмет, Алдияр Аңсат пен Алуа Нұрман және Рихат Ұлан мен Нұрәлі Болашақов, Сұлтанбейбарыс Думанұлы мен Ақнұр Мамақовалар Азия чемпионы атанды.
Әлемнің 33 елінен келген 650-ге жуық үміткер рапид пен блицтен және классикалық шахматтан бақ сынаған болатын. Бұрын дүниежүзілік жарыста көп жағдайда қыздарымыз биіктен көрінсе, жақында Қазыбек Нөгербек 20 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды. Алматыдағы жарыстың жабылу рәсімінде федерация басшылары Қазыбекке де құрмет көрсетіп, оған электрокөлік кілтін табыс етті.