Хабар телеарнасы

Шымкентте V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына іріктеу сайыстары өткізілді

Шымкентте алыптар арасында V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына іріктеу сайыстары өткізілді. Салмағы 90 келіден асатын білекті де жүректі жігіттер найза лақтырып, 100 келі тартатын бөрене көтерді. Ауыр тасты құм үстінде алып жүріп, арба тартты.

Жарысқа барлығы 15 спортшы қатысқан. Олар бес кезең бойынша бақ сынап, төзімділігі мен ептілігін байқатты. Қазылардың шешім шығаруына толағайлардың өнері мен көрермен қошеметі де әсер етті. Сондықтан үздік үштіктен бөлек, болашағынан үміт күттіретін қатысушылар да назардан тыс қалған жоқ. Яғни олар да сый-сияпатқа ие болды. Ал бас жүлде иегері Бағдат Маматқұл республикалық жарысқа жолдама алды.  

Тимур Дәулетбақұлы, «Толағай» алыптар сайысының авторы:

- Болашақ жас, мықты Қажымұқандарды шығаруға ниет жасап жатырмыз. Жеңіп шыққаны сол Астана қаласындағы «Қазақстан додасына» қатысады. Қазақстан додасында жеңіп шыққан палуан әлемдік V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына қатысады.