Хабар телеарнасы

Қазақстандық спортшылар Азия чемпионатында тарихи жетістікке жетті. Спорт жаңалықтары

Семсерлесуден Қазақстан әйелдер құрамасы тұңғыш рет Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Кувейтте өтіп жатқан құрлық сайысында Әйгерім Сарыбай, Карина Доспай, Анастасия Гулик және Жасмин Капыджы төрттігі командалық сында екінші орыннан көрінді.

Қазақстан құрамасы іріктеу кезеңінде Гонконг пен әлем чемпионатының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея қыздарынан басым түсті. Финалда Қытай бұрымдыларының мерейі үстем болды. Қорытынды есеп: 42:45. Бұған дейін үздік үшіктен көрініп жүрген Қазақстан қыздары алғаш рет финалға дейін жетті.

Кувейттегі Азия чемпионатында жерлестеріміз жалпы саны 4 медаль ұтып алды. Енді спортшылар Париж Олимпиадасына дайындалады. Ұлттық құрамада 5 лицензия бар.

Қазақстан теннисшілері «Уимблдон» турниріне іріктеуден өте алмады. Әйелдер арасында Зарина Диас шешуші ойында қытай қызы Чжу Сян Байға есе жіберді. Михаил Кукушкин француз Уго Гастоннан жеңіліп қалды. Денис Евсеев, Бейбіт Жұқаев, Квентин Гали және Тимофей Скатов та негізгі кезеңге шыға алмады.

1-ші шілдеде басталатын үлкен шлем жарысына Қазақстан атынан Елена Рыбакина, Юлия Путинцева, Александр Бублик және Александр Шевченко қатысады. Жұптық сында Анна Данилина мен Александр Недовесов ойнайды. 

Алматыда дзюдодан Азия кубогы өтеді. Бекет Махмұтовты еске алуға арналған халықаралық сайысқа 10 елдің балуандары қатысады. Қазақстан жастар құрамасынан бөлек Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Шри-Ланка және Иран мен Моңғолиядан спортшылар келеді. Азия кубогына Германия, Молдова, АҚШ құрамалары да қатысуға өтініш беріпті.

Бұл жарыс халықаралық дзюдо федерациясының күнтізбесіне енген. Сондықтан жеңімпаздар мен жүлдегерлерге ұпай беріледі. 7-ші мәрте жалауы желбірейтін татами бәсекесі 4-ші шілдеде басталады.

Алматыдағы Орталық стадион жөндеуге жабылуы мүмкін. Бұл жұмыс 2025-ші жылға жоспарланып отыр. Соңғы рет спорт кешенінде құрылыс жұмыстары 7 жыл бұрын жүрген еді.

Алматыдағы жасыл алаң Қазақстандағы халықаралық талапқа сай келетін екі стадионның бірі. Астана-арена көшпенділер ойындарына байланысты жабық.

Сондықтан футболдан Ұлттық құрама ойындары орталық стадионда өтуі тиіс. Черчесов шәкірттері күзде Ұлттар лигасындағы ресми матчтарын бастайды. 6-шы қыркүйекте Алматыға Норвегия келеді. Кейін Словения мен Австрия құрамаларын күтеміз.