Астанада «Елорда кубогы» республикалық жарысы өтті
Ат жарысының әуесқойлары Астанаға жиналды. Мұнда бәйгенің 4 түрі бойынша жүлде қоры 30 миллион теңге болатын республикалық жарыс өтті. «Елорда кубогы» деп аталатын дүбірлі додаға 120-дан аса қатысушы жиналды. Аталған аламан қыркүйек айында елордада ұйымдастырылатын Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық, – дейді қалалық Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының басшылары. Сонымен 7 шақырымдық жорға жарысында Абай облысынан келген «Ақжауынмен» Дастан Алыбақасов жеңімпаз атанды. 7 шақырымдық құнан бәйгеде «Найза» тұлпарын тақымдаған елордалық Арнат Мұратхан мәре сызығын бірінші кессе, 15 шақырымға созылған топ бәйгеде сол Арнаттың «Шайкүреңі» қарсыластарын шаң қаптырып кетті. Аламанда «Көкшақай» есімді сәйгілік алдына қара салмады. Жүйрікті тізгіндеген қарағандылық Арыс Жанаров болатын. Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері енді 3 тамыз күні Павлодар және 11 тамыз күні Алматы қаласында өтетін іріктеу турниріне қатысады. Соның нәтижесінде көшпенділер ойындарында ел намысын қорғайтын жүйріктер анықталады.