Хабар телеарнасы

Париж Олимпиада ойындарын «Хабар» және «Ел арна» телеарналарынан тамашалай аласыздар

Бокстан Қазақстан әйелдер құрамасы Париж Олимпиадасына соңғы дайындықты бастады. Спортшылардың оқу-жаттығу жиыны Алматы облысында өтіп жатыр. Франция астанасындағы кешенді сында Назым Қызайбай, Карина Ибрагимова және Валентина Хальзова жұдырықтасады. Әйелдер құрамасы Парижге 21 шілдеде аттанады. Ал жігіттер Түркістан облысында жүр. 

Жазғы Олимпиада жақындаған сайын боксшыларға үміт артамыз. Қазақ жігіттері кешенді сындардан құр қол қайтқан емес. Кем дегенде қола медаль қоржынға түседі. Бірақ жанкүйерлер мен мамандар шаршы алаңнан алтын күтеді. Токиодағы сәтсіздіктен сабақ алған сарапшылар Парижде есемізді қайтарамыз деп отыр. Бас бапкер Мырзағали Айтжанов ұлттық құраманың шамасы екі алтынға жететінін айтады. Команда сапындағы Қамшыбек Қоңқабаев пен Сәкен Бибосынов екінші Олимпиадасына қатысады. Жапониядағы жарыста екі боксшы қола жүлде еншілеген еді. Бұл жолы топ жаруға тырысады.

Мырзағали Айтжанов, бокстан ұлттық құраманың бас бапкері:
-Олимпиадаға жай барып қайтпай, орын алу, елді қуанту. Сол себептен барлығы, бапкерлерден бастап, жаттықтырушылар, оның ішінде енді ғылыми топ бар, барлығы жұмыс істеуде.

Париж Олимпиадасына Қазақстан ерлер командасы толық құрамда қатысады. Жігіттеріміз жеті салмақта сынға түседі. Сайдың тасындай іріктелген боксшылардың қай-қайсысы да тұғыр биігінен көрінуге тырысатыны анық.

Қазақстан жұрты Париж Олимпиадасын отандық арналардан тікелей эфирде тамашалай алады. Франция астанасындағы сайыстардан «Хабар» мен «Ел арна» хабар таратады. Ұлттық олимпиадалық команда сапында 80 спортшы 25 спорт түрінен сынға түседі. Қазір Қазақстанның еншісінде 92 лицензия бар. Париж Олимпиадасының ашылу салтанатында көк туды бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов ұстап шығады. Жалпы жазғы ойындардың ресми жарыстары 25 шілдеде басталып кетеді. Ең алдымен садақ атудан іріктеу сайыстары өтеді.

Жәнібек Әлімханұлы әлем чемпионы атағынан айырылуы мүмкін.

Бұл жайында бүкіләлемдік бокс ұйымы арнайы мәлімдеме жасады. Қазақ жігітінің командасы 10 күннің ішінде WBO ұйымына талап етілген барлық медициналық құжатты жіберуі тиіс. Жәнібек қашан рингке оралатынын да айтуы керек. Егер бұл талаптар орындалмаса Әлімханұлы WBO тұжырымындағы чемпиондық белбеуінен айырылады. Жетісулық жігіт 13 шілде күні Жаңа Зеландиялық Андрей Михайловичпен жұдырықтасуы тиіс еді. Бірақ жерлесіміз салмақ қуу кезінде денсаулығы сыр беріп, кездесу өтпей қалды. Жәнібектің өзі хал-ахуалы жақсарып келе жатқанын, әрі орта салмақта қала беретінін хабарлады.