Оралды тасқыннан қорғау үшін тағы 500 құтқарушы жұмылдырылады
Оралды тасқыннан қорғау шараларына еліміздің басқа өңірлерінен тағы 500 әскери қызметші мен құтқарушы жұмылдырылады. Соңғы дерек бойынша Батыс Қазақстан облысының Бөрлі ауданы Жарсуат ауылында Жайық өзеніндегі су деңгейі біршама төмендеді. Мамандар Жайықтың жоғары жағында су тасқыны шарықтау шегінен өтті деп болжап отыр. Ал облыс орталығында өзен әлі де көтеріліп жатыр.
Біз қазір телеорталық маңындағы саяжайларға барар жолда тұрмыз. Көріп тұрғандарыңыздай бұл көлкіген су тек бұл жақ емес-ау, жалпы Орал қаласының айналасы телегей-теңіз болып жатыр. Осы жерден Жайық алыс болғанымен, Жайық көтерілгесін, оған құятын Шаған өзенінің алды кетпей, арнасынан асып, қос өзен қатар тасып, қазір қала маңындағы саяжайлар түгел дерлік су алған. Орал қаласы әкімдігінің мәліметінде 155 саяжай серіктестігі болса, соның 116-на су кіріпті. 3 мыңдай саяжай үйін су басқан, 13 мыңдай тұрғын қауіпсіз жерге көшірілген. «Жалпы Орал қаласының айналасындағы бау-бақша серіктестіктеріне 25 мыңдай адам тұрғылықты мекендейді»,— дейді Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев.
Жандос Дүйсенғалиев, Орал қаласы әкімінің орынбасары:
-Қазір енді нақтыланып жатыр. Әр сағат сайын өзгеріп жатады. Кейбір саяжайлардың жартысы суға кетті. 14 мың жер учаскелері. Барлығында үй бар деген сөз емес яғни қазіргі таңда біздің ақпаратқа сәйкес 3 мыңдай отбасы, үйлер су астына кетті.
Жалпы Жайық бойында облыс орталығын қоспағанда 84 елді мекен бар. Күні бүгін осы ауылдарда ұзындығы 135 шақырым бөгет салынып, 1 миллионнан астам құм салған қапшықтар төселген. 7 мыңдай 1 136 арнайы техника тартылған, оның 900-ге жуығы өзге өңірлерден келіпті. Әзірге осы дамбалардың арқасында өзен бойындағы елді мекендер суға кеткен жоқ. Бірақ тасқынның бастапқы кезеңінде кіші өзендер тасуы салдарынан 1 292 тұрғын үйді су алған еді. Оның 276-ы жарамсыз деп танылыпты. Жалпы табиғи апаттан келген материалдық шығын есептеліп жатыр.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев