Олимпиада-2024: Амангелді Сейтхановтың ұлы комментатор болады
Биылғы Париж Олимпиадасында қазақ спортшыларының ойындарына атақты спорт журналисі Амангелді Сейтхановтың ұлы комментатор болады. 19 жастағы Бекасыл Сейтхан әкесі қайтыс болғаннан кейін оның ізін жалғай бастапты. Қазір ол елдегі спорт телеарналарының бірінде жұмыс істейді. Қазақстанның ішіндегі талай байрақты бәсекелерден ақпарат таратқан жас маман биыл алғаш рет Олимпиада ойындарын көрерменге жеткізбек.
«Әке көрген – оқ жонар» деген осы болар. Бірнеше жыл бұрын әкесінің жүргізген ойындарын көгілдір экраннан тамашалап жүрген кішкентай Бекасыл қазір өзі де қолына микрофон алып, асқар тауының ізін қуып келеді. Айтуынша бұл өнерге бала кезінен құмартқан.
Бекасыл Сейтхан, спорт комментаторы:
-Ат тізгінін тартып, бәйге шапқан баламыз ғой. Бала кезде дәл сол шауып бара жатқан бәйгемді комментатор ретінде өзім жүргізіп отыратынмын. Малдың артында да өстік. Қойларымды да футболистерге теңеп, «Марадона кетіп бара жатыр» деп, сондай бір ойын-сауық құрған кездеріміз де болды енді. Меніңше соның барлығы іргетасты қалап берді.
Алайда бұл қызығушылығын ол әкесіне байқата қоймапты. Сол себепті де Амангелді ағамыз үйінде өзін өкшелей болашақ комментатор өсіп келе жатқанын мүлдем білмеген. «Ал қазір Бекасыл – айнымаған әкесі»,— дейді әріптес ағалары.
Жандос Айтбайұлы, спорт журналисі:
-Тектіден текті туады деп қазақ бекер айтпаса керек. Мен осы Әбекеңнің бойындағы асыл қасиеттердің көбі баласы Бекасылға дарығанын байқадым. Ол кісінің тапқырлығы, шешендігі, барлық керемет қасиеттері Бекасылдың бойынан көрінеді. Бекасыл да әкесі сияқты жалпы қазаққа танымал мықты комментатор болады дегенге сенімдімін. Өйткені ынтасы бар, талпынысы бар. Әкемнің жолын жалғастырсам деген өзінің ниеті бар. Енді жас комментатор болғаннан кейін көгілдір экраннан көріп отырған көрермендер де түсіністікпен қарайды деген ойдамыз.
Бекасыл спорт телеарнасында жұмыс істеген 1,5 жыл ішінде 100-ден астам эфир жүргізіпті. Алайда үлкен спорт мерекесінің алдында қобалжу бар екенін жасырмайды. Дегенмен «Олимпиада ойындарының көрсетіліміне қатысып, тізгін ұстау да — бір бақыт»,— дейді ол.
Бекасыл Сейтхан, спорт комментаторы:
-Олимпиада алдындағы сезім керемет. Себебі бұйыртса жүргізетін алғашқы үлкен додам. Дәл осы Олимпиаданың алдында іріктеу ойындарының барлығын мен жүргіздім. Спортшыларды өте жақсы танимын. Енді міне, Олимпиадада сәл сондай қарқынмен жүргіземіз.
Бекасылмен қатар биылғы Олимпиаданы «Ел арна» және «Хабар» телеарналарынан тағы 7 әріптесіміз жүргізеді. Ал Амангелді Сейтхановтың ізбасары, жас комментатордың алғашқы эфирін 27 шілде күні «Хабар» арнасынан тамашалай аласыздар.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Аманжол Байғазин