Хабар телеарнасы

V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары алдында көкпарға VAR жүйесі енгізілді

Бұл туралы Шымкентте өтіп жатқан халықаралық семинар-тренингте айтылды. Төрешілердің кәсіби біліктілігін арттыруға бағытталған іс-шараға Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Мажарстан, Грузия және Пәкістан мемлекеттерінен 35 маман шақырту алған. Оларға 4 күн бойы ойынның жаңа ережесі мен рұқсат етілген және тыйым салынған әдіс-тәсілдері түсіндіріледі. Көкпарға қатысуға 12 мемлекеттің құрама командасы өтініш берген.

Ғани Ахметбаев, V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының көкпардан бас төрешісі:
- Қайта көру мүмкіндігі жаңа ережеге кіріп отыр. Содан кейін дрон операторы, қосымша комментатордың қасында арнайы мамандар қызмет жасайды. Келіспеген жағдайда додама жағдайда тоқтатып, дұрыс немесе дұрыс емес шешімдердің бәрін айта алатын үлкен мүмкіндіктеріміз бар.