Хабар телеарнасы

Олимпиада-2024: садақ атудан жекелей сындағы іріктеу сайыстары басталады

Ертең Париж Олимпиадасында садақ атудан жекелей сындағы іріктеу сайыстары басталады. Қазақстан құрамасы сапында Дәулеткелді Жаңбырбай, Ильфат Абдуллин және Александр Еременко жарысқа шығады. Ерлер арасындағы бәсеке кешкі бесте басталады. Ал плей-офф кезеңі 30 шілде мен 1 тамыз аралығында өтеді. 

Париж Олимпиадасында қазақ жанкүйерлері дзюдошылардың жолына көз тігеді. Татами шеберлері әлемдік сайыстарда жүлде алып жүр. Кейінгі жылдары Елдос Сметовтен бөлек, Абиба Әбужақынова да жетістікке жетті. 48 келі салмақта көшбасшы атанған бұрымды балуан Франция астанасындағы кешенді сында медаль алуға ұмтылады. Абиба Париж Олимпиадасындағы белдесуін 27 шілдеде өткізеді. Қазақ қызының қарсыластары қарымды. Жеңіл салмақта бәсекелестік жоғары болатыны түсінікті. Әбужақынова да жақсы дайындықтан өтті.

Абиба Әбужақынова, дзюдодан ұлттық құрама мүшесі:
-Абиба кейінгі екі жылда жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Әлем біріншілігінде екі мәрте үшінші орынға табан тіреді. Биыл халықаралық жарыстарда бес мәрте жүлде алды. Тұрақты нәтижесінің арқасында Париж Олимпиадасында рейтинг бойынша үздік үштікке еніп отыр. Дзюдодан ұлттық құрама Францияға ерте барды. Біздің балуандар Мез қаласында соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп, бүгін Париждегі олимпиадалық қалашықты бетке алды.

Парижде Олимпиада ойындарының медалі таныстырылды. Дизайнды Франциядағы ең көне зергерлік үйі жасаған. Әр медалда Эйфель мұнарасы бейнеленген. Жүлделер де осы мұнараның сынықтарынан құйылып жасалған. Ұйымдастыру комитеті жазғы ойындарды Францияның басты нышанымен ұштастыруға тырысқан. Париж Олимпиадасына жалпы саны 5084 медаль шығарылды. Әрқайсысының салмағы 455-529 граммды құрайды. Кешенді сында 329 медалдар жиынтығы сарапқа салынады.

Франция қысқы Олимпиада ойындарын да қабылдайды. Бүгін халықаралық Олимпиада комитетінің сессиясында 2030 жылғы ақ ойындарды ұйымдастыратын ел анықталды. Дауыс беру қорытындысы бойынша француз Альпісі қысқы Олимпиада астанасы атанды. Болашақ ойындар комиссиясының басшысы Карл Штосс Франция үкіметі Олимпиада өткізуге кепілдік беруі тиіс деп мәлімдеді. Сонымен қатар жыл соңына дейін жарыстарды қабылдайтын аймақтардың да келісімі керек. 2030 жылғы қысқы Олимпиаданы қабылдауға АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласы мен Швецияның Стокгольм және Оре қалалары таласты. Ал 2026 жылғы ақ ойындар Италияның Милан қаласында өтеді.

«Ордабасы» жеңіліп қалды. Шымкент командасы чемпиондар лигасымен ерте қоштасып еді. Енді конференция лигасында да жарытып ойнай алмады. «Ордабасының» қарсыластары да анау айтқандай атақты командалар емес. Беларусь маманынан тәлім алатын ұжым екінші іріктеу кезеңінде Люксембургтың «Дифферданж» клубынан жеңіліп қалды. Есеп:1:0. Қарымта матч 1 тамызда Шымкентте өтеді.