Хабар телеарнасы

Олимпиада немен есте қалды?

Төрткүл дүниені тік тұрғызып, теледидарға телмірткен 4 жылдықтың басты спорт аламаны да аяқталды. Парижде өткен XXXIII Олимпиадада еліміздің спортшылары 1 алтын, 3 күміс, 3 қола жүлде олжалап, командалық есепте 43-ші орынды иеленгенін еске сала кетейін. Желіде жұрт жарыса жазып жатқан сәтсіздіктерді санап, сенсация жасау ойымызда жоқ. Ол – баршаға белгілі факт. Біздің айтпағымыз – медальдың екінші қыры, яки таяқтың екінші ұшы. Франция төрінде ел намысын қорғаған ұл-қызымыз «алғашқы немесе тұңғыш» деп айдарлауға тұратын жетістіктерге қол жеткізді.

Хош, сонымен жалпы XXXIII жазғы ойындарындағы ең алғашқы алтын медаль Қазақстанның қоржынына түсті. Елдос Сметов Олимпиаданың алғашқы чемпионы атанғаны өз алдына, қазақ спортының тарихына есімін  дзюдодан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде алтынмен жазды. Одан бөлек, Елдос Сметов – тәуелсіз Қазақстан тарихында 3 бірдей Олимпиадада жүлде алған екінші қазақ спортшысы. Алғашқысы жеңіл атлетика жұлдызы Ольга Рыпакова болатын. 

Еліміз үшін олимпиадалық спорт түрінен тағы бір тұңғыш олжа. Пневматикалық мылтықтан атудан аралас командалық сайыста Ислам Сәтбаев пен Александра Ле алғаш рет ұлттық құрама қоржынына қола жүлде салды. Тағы бір айрықша жайт. Қос мергеннің жаттықтырушысы Ольга Довгун – екі дүркін әлем чемпионы. Азия ойындарының екі мәрте жеңімпазы және Сидней, Афины, Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысқанын айта кету керек. 

Довгун Афиныда жүлдеге қолсозым жетпей, 4-ші орынға тұрақтаған. Спортшы ретінде Олимпиада жүлдесіне ілінбегенімен, Парижде шәкірттері олжа салып, бапкер ретінде арманын орындады. 

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында бұған дейін спорттық гимнастикадан спортшыларымыз Олимпиада медаліне қол жеткізбеген. Ең алғашқы жүлде Парижде бұйырды. Нариман Құрбановтың күміс медалі елдегі спорттық гимнастикамен айналысатын жастарға үлкен серпін берері анық.

Олимпиада күндері Алматы әуежайы абыр-сабыр болып қалды. Жанкүйерлер жүлде алған жерлестерімізді қарсы алуға ағылды. Мына кадрларда жұрт қыздар арасында бокстан ел тарихында тұңғыш рет Олимпиада жүлдегері атанған Назым Қызайбайды жұрт қарсы алып жатыр. Нағыз бабында тұрған шағында түрлі көлденең кедергіден екі бірдей Олимпиадаға бара алмаған Назым үшінші мүмкіндігін мүлт жібермей, Париж төрінде қола медаль жеңіп алды. Олимпиада алтыны армандаған Назым енді әлемнің 3 дүркін чемпионы болсам дейді.

1996 жылдан бері грек-рим күресінің жанкүйерлері финал көрмеді. АҚШ-тың Атлантасында Юрий Мельниченко тыңнан түрен салып, төсіне алтын таққанын жас буын бәлкім білмейтін де болар.

Араға 28 жыл салып, ақтық сында күрескен Демеу Жадыраев – тәуелсіз Қазақстан тарихында грек-рим күресінен финалға шыққан тұңғыш қазақ палуаны. Екі бірдей әлемнің азулы күрес шеберін жарыстан шығарған 34 жастағы Демеудің өнерін әлем тамаша сенсация ретінде бағалады.   

Әдетте бокс, күрес, ауыр атлетикаға иек артатынымыз бар, биылғы додада олимпиадашыларымыз ешкім жүлде күтпеген спорт түрлерінен жүлдеге таласты. Токиодағы Олимпиада чемпионын жеңген Руслан Құрбанов семсерлесуден ширек финалға шыққанда көпшілік таңғалды. Бұл – осы қазақ спорты үшін жаңа биік меже.

Сол секілді спорттық құзға өрмелеуден ширек финалға шыққан Әмір Маймұратовты атап өтуге болады. Алғашқы жарыс күнінде-ақ отандасымыз Олимпиада рекордын жаңартты. Уақытша болса да. Парижде өткен XXXIII жазғы ойындарда жиыны 78 атлетіміз 25 спорт түрінен сынға түссе, солардың 54-і үшін бұл – тұңғыш Олимпиада. Яғни, бұл жолы топ жармаса да, келесі АҚШ-та өтетін аламанға қазірден алақан ысып отырған 54 ұланымыз бар деп неге бағамдамасқа?!

Авторы: Берік Дүйсенбай.