Хабар телеарнасы

Бүгін Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтеді

Парижде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында таңғы жетіден бастап қала орталығында көлік қозғалысы шектелді.

Елисей алқабында параспортшыларды 65 мыңдай турист пен қала тұрғыны қарсы алады. Ал ойындардың ашылу салтанаты «Ынтымақ» алаңында өтеді. Алауды ұстап өтетін жұлдыздар арасында атақты киножұлдыз Джеки Чан бар.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жарысқа 2 млн-дай билет сатылған. 4,5 мың параатлет спорттың 23 түрінен бақ сынайды.

Қайратбек Сейітбеков, Дене мүмкіндіктері шектеулі тұлғаларға арналған спорттық даярлау орталығы басқармасының басшысы:

- Бүгінде 8 спорт түрінен жасақталған командалардың мүшелері Парижге келді. Олар жаттығуға кірісіп кетті. Мәселен, қазір отырып ойнайтын волейболдан жолдастық кездесулер өтіп жатыр. Әрине, бұған дейін Паралимпиадаға қатысқан спортшыларымыздың тәжірибесі команда үшін өте маңызды. Осының арқасында отандастарымыз лайықты өнер көрсетеді деген ойдамын.