Шерзод Давлатов пен Жанарыс Рахметқали Гран-при чемпионы атанды. Спорт жаңалықтары
Кәсіпқой боксшы Бек Нұрмағанбет шаршы алаңдағы 12-ші жеңісіне қол жеткізді. Қазақ жігіті АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында жергілікті Джошуа Конлиді екінші раундта нокаудқа жіберді. Жекпе-жек Канело - Берланга кездесуіне арналған бокс кешінде өтті.
Шерзод Давлатов пен Жанарыс Рахметқали Загребтағы Гран-при жарысында топ жарды
Қазақстандық дзюдошылар Хорватия астанасында көзге түсті. Шерзод 60 келі салмақта татамиге шығып, Израиль, Венгрия, Франция және Украина балуандарын жеңді. Финалда әзербайжандық қарсыласынан басым түсті. Жанарыс 66 келіде белдесті. Қазақ жігіті Хорватия мен Сальвадор дзюдошыларынан айласын асырды. Жартылай финалда Грузия спортшысын қапы қалдырды. Рахметқали шешуші белдесуде британиялық қарсыласының осал тұсын тапты. Әйелдер арасында Ғалия Тынбаева күміс жүлде алды. Ең жеңіл салмақтағы жерлесіміз финалда Жапон қызы Кого Ваканаға есе жіберді.
Теннисшілер Дэвис кубогында жеңіліп қалды
Биыл теннисшілеріміз жанкүйерлерді әбден жабырқатты. Париж Олимпиадасындағы жағдайдан кейін спортшыларға сын садағы қадалды. Теннисшілер Дэвис кубогында да оңдырмады. Команда капитаны Юрий Щукин бастаған жігіттер Астанада Дания құрамасын қабылдап, ортаңқол ойыншылардан ұтылып қалды. Әлемдік топтың іріктеу кезеңі 3:1 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды. Жекелей сында Александр Бублик Эльмер Меллерден жеңілсе, Александр Шевченко Август Хольмгреннен ұтылды. Қазақстан командасы жұптық сында да жарытып ойнай алмады. Бублик-Недовесов жұбы даниялық теннисшілерге есе жіберді. Соңғы кездесуде Бейбіт Жұқаев қана Филипп Херткеден айласын асырып, Қазақстанға бір ұпай әперді. Қорытынды есеп 3:1. Дания әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолдама алды. Кілең кірмелерге үміт артқан Қазақстан Дэвис кубогымен қош айтысты.
Ризабек Айтмұқан жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысады
Еркін күрес шебері жақында ғана 20 жасқа дейінгі балуандар арасында дүниежүзілік біріншілікте топ жарған болатын. Енді қазан айында 23 жасқа дейінгі жастар сайысы өтеді. Бұл жайында Ризабектің жеке бапкері Қанат Жолдасбеков мәлімдеді. Жастар арасындағы әлем чемпионаты Албанияның Тирана қаласында 21 қазанда басталады. Айтмұқан чемпионатқа дайындықты 20 қыркүйекте бастайды.