«Ақжайық» футбол клубына биыл бюджеттен қаржы бөлінбеді
Орал футболының көсегесі көгерер емес. Осыдан екі жыл бұрын ғана Қазақстан кубогының финалына жеткен «Ақжайық» қазір бірінші лиганың турнир кестесінде 13-ші орында тұр. Сүреңсіз ойын жалғасса, команда екінші лигаға құлдырауы да ғажап емес. Клуб басшылығы: «Биыл бюджеттен қаржы бөлінбеді», - деп әкімдікті кінәлайды. Ал спорт басқармасы мемлекеттік сатып алу байқауының бір емес, үш рет өткізілгенін айтады.
Бауыржан Омаров «Ақжайықта» 2007 жылдан бері ойнап келеді. Осы 17 жылда жергілікті клубтың дәл қазіргідей қаржылық күйзеліске ұшырағанын көрген емес. Ойыншылар 9 ай бойы жалақы алмапты. Футболшылардың жағдайы төмендеген сайын команданың кестедегі орны да құлдырап барады.
Бауыржан Омаров, «Ақжайық» командасының капитаны:
- Балалардың ойлары футболда емес, тренировкадан кейін, матчтан кейін қосымша жұмыс тауып, нанын тауып жүр. Біреу таксилететін болса, біреуі базарға барып, ата-аналарына көмектесіп сауда-саттықпен айналысып жүрген де балалар бар.
«Ақжайық» клубы 2019 жылы жекешелендірілді. Содан бері мемлекеттен бөлінетін қаржы жыл санап қысқаруда. 22 жылы 1,1 млрд теңге бөлінсе, былтыр спорт басқармасынан 400 млн теңге берілген. Биыл да сонша қаржы қарастырылғанымен, клубқа бір теңге де тимеген.
Манарбек Ержанов, «Ақжайық» футбол клубының директоры:
-Биыл бірінші тендер тек қана сәуір айында болды. Онда конкурстық құжаттамаларда қателіктер болды деп бізді өткізген жоқ. Екінші конкурста «Ақжайық» футбол клубы» ЖШС борышкерлер реестрінде болды деп автоматты түрде конкурстан шығарып тастады. Бірақ егер де борышкер реестріне тіркелген болса, тапсырыс жібере алмайды. Біз тапсырыс бердік.
Жеңіс Нығметуллин, облыстық спорт басқармасының басшысы:
- Күні бүгін мемлекеттік сатып алудың 3 рәсімі өткізілді. Екеуіне «Ақжайық» қатысты, біреуіне қатысқан жоқ. Күні бүгінге аталған серіктестіктің сот шешімі бойынша 56 млн теңге берешегі бар. Мемлекеттік сатып алу заңының 6-бабына сәйкес аталған тізілімде тұрған әлеуетті қатысушылар осы мемлекеттік сатып алу конкурсына қатыспайды.
Енді тендер төртінші рет өткізіле ме, футболға бөлінетін қаржы клубқа жете ме? Спорт басқармасы бұл сауалға бас шайқайды. Өйткені қайта байқау өткізгенше қараша болады, маусым аяқталады. Әрі борышкерлер тізілімінде тұрған «Ақжайық» оған қатыса алмайды.
Манарбек Ержанов, «Ақжайық» футбол клубының директоры:
-Орал футболы тоқырайды деуге болады. Егер «Ақжайық» қаржылық қиындықтан шыға алмаса, ақша бөлінбесе, банкроттыққа әкелері сөзсіз. Егер жабылып қалатын болса, жаңа команда ашылған күннің өзінде 3 жылға шейін осы жергілікті федерация бар ғой, соның мүшесі болу керек, екінші лигадан бастайды.
Спорт басқармасы болса, келер жылдан бастап бюджеттік қаржы негізінен балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға бағытталатынын айтады. Ал кәсіби клуб өз күнін өзі көруі тиіс.
Жеңіс Нығметуллин, облыстық спорт басқармасының басшысы:
- Инвесторларды іздеудеміз. Бір-екі инвестор қызығушылық танытып отыр. Осы футбол саласына келуге, яғни негізгі құрамды жеке адам өзі ұстайды, ал балалар футбол академиясын мемлекет қаржыландырады.
Спорт басқармасының жаңа бағдарламасы Орал футболын өсіре ме, өшіре ме? Уақыт төреші.
Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Е. Меңдіғалиев, Э. Аюпов