Хабар телеарнасы

Қазақстандық дзюдошы әлем чемпионатында қола алды. Спорт жаңалықтары

Нұрай Қазнабек таэквондодан жасөспірімдер арасында әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Қазақстан құрамасының спортшысы Оңтүстік Кореяның Чунчхон қаласында өтіп жатқан жарыста 59 келіде сынға түсті. Нұрай финалда Иран таэквондошысына есе жіберді.

Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жек алдындағы салмақ өлшеу рәсіміне қатысып, қарсыласымен көз арбасты. Қазақ жігіті таразыда 72,38 келіні көрсетіп, талап бойынша жарысқа қатысуға рұқсат алды. Ал оның қарсыласы Андрей Михайлович 72,54 келі тартты.

Жәнібек WBO және IBF нұсқасындағы әлем чемпионы атағын қорғайды. Жерлесіміз жаңа зеландиялық боксшымен Австралияның Сидней қаласында шаршы алаңға шығады. Екі спортшы шілдеде кездесуі тиіс еді. Алайда Әлімханұлы салмақ қуу кезінде денсаулығы сыр беріп, жекпе-жек кейінгі шегерілен болатын. 

Т. Орынбасар әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды

Талғат Орынбасар дзюдодан жастар арасында әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Тәжікстан астанасы Душанбеде өтіп жатқан дүниежүзілік біріншілікте қазақстандық татами шебері 60 келіде белдесті.

Талғат бес белдесудің төртеуінде жеңіске жетті. Іріктеу кезеңінде Сербия мен Қырғызстан балуанын тізе бүктірді. Ширек финалда тәжікстандық қарсыласына есе жіберді, алайда жұбаныш белдесуінде италиялық балуанан айласын асырып, қола жүлде үшін күресуге мүмкіндік алды. 3-ші орын үшін белдесуде әзербайжандық Низами Имрановты таза жеңді.

Талғат Орынбасар 2023 жылғы жетістігін қайталап әлем біріншілігінің екі дүркін жүлдегері атанды. Әлем біріншілігіне 67 елден 531 татами шебері қатысып жатыр.

«Қайрат» жастары «Бетиспен» кездеседі. Алматы командасы УЕФА Жастар лигасының іріктеу матчында жеңіске жетті. Чемпиондар лигасының қарымта ойыны Молдованың Кишинев қаласында өтіп, Қайрат жастары «Академия Раду Ребежи» клубын 4:1 есебімен жеңді.

Қос кездесу қорытындысы бойынша Алматы жастары келесі кезеңге өтті. Енді «Қайрат» 19 жасқа дейінгі футболшылар арасындағы чемпиондар лигасында Испанияның «Бетис» клубымен кездеседі. Бірінші ойын 23 қазанда Севилия қаласында, ал қарымта матч 6 қарашада Алматыда өтеді.

Астанада шорт-тректен Қазақстан біріншілігі басталды. Жарыстың алғашқы күні спортшылар 1500 метр қашықтықта сайысқа түсті.

Әйелдер арасында Ақмола облысының өкілі Ольга Тихонова топ жарды. Астаналық Малика Ермек екінші, ал батыс қазақстандық Алина Ажғалиева үздік үштікті түйіндеді. Ерлер арасында 1500 метр қашықтықта елордалық Әділ Ғалиахметов ел чемпионы атанды. Күміс жүлде ақмолалық Денис Никишаға бұйырса, қостанайлық Глеб Ивченко қолаға қол созды.