Хабар телеарнасы

Қарақозы Әбдәлиевті еску алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Спорт жаңалықтары

Шымкентте бокстан Қарақозы Әбдәлиевті еску алуға арналған халықаралық турнир мәресіне жетті. Олимпиада ойындарынан кейінгі ең үлкен ресми жарысқа мықтылардың барлығы дерлік қатысты. Шет мемлекеттерден де былғары қолғап шеберлері келген болатын. Бірақ алтынның бәрі ауылда қалды. Барлық салмақта біздің спортшылар чемпион атанды. Атап айтсақ, ең жеңіл салмақта Теміртас Жүсіпов топ жарса, 51 келіде Дамир Әбдіқадыр, 54 келіде Нұрсұлтан Алтынбектер жеңіске жетті. 57 келіде Махмұд Сабырханды ұтқан Оразбек Асылқұлов жарыстың үздік боксшысы атанды. 60 келіде Бейбарыс Жексен Серік Теміржановтан айласын асырса, 63,5-те Ертуған Зейнуллинов Жандос Қыдырәлиевті жеңді. Ал Мұхамедсабыр Базарбайұлы 67 келіде чемпион атанса, 71-де Сабыржан Ақхалықов, 75-те Диас Молжігітов, 81-де Ерасыл Жақпеков, 86-да Бекзат Нұрдәулетовтер жеңіс тұғырынан көрінді. 92 келіде Сағындық Тоғамбайдың тасы өрге домаласа, ең ауыр салмақта Айбек Оралбайдың асығы алшысынан тұрды.

Астанада шорт-тректен ел біріншілігі өтіп жатыр. Жарыстың екінші күнінде 500 метрге жарысқан жігіттер арасынан 20 жастағы астаналық Айбек Нәсен оза шапты. Тәжірибелі қарсыластарының алдын ораған Айбектің болашағы жарқын деп білеміз. Қыздар арасында дәл осы қашықтықта Батысқазақстан өкілі Алина Ажғалиева алдына жан салмады. Командалық эстафетада астаналықтардың мерейі үстем болды. Командалық эстафетаның алтыны әйелдер және ерлер арасында да Астана командасына бұйырды. Бүгін 1000 метрде және аралас командалық эстафетада жүлделі орындар сарапқа салынды.