«Барысқа» жаңа бапкер келді. Спорт жаңалықтары
Маусымды сәтсіз бастаған «Барыс» командасында ауыс-түйіс басталды. Бас бапкер Буцаевтің орнына Ғалым Мәмбеталиев тағайындалды. Қазақстандық маман хоккейшілерге жақсы таныс. Ол былтырғы маусымда команданы дайындағаны белгілі. Ал ресейлік жаттықтырушы Мәмбеталиевтің көмекшісі болады. Сонымен қатар Нұрлан Оразбаев «Барыс» хоккей клубының бас директоры атанды. Жаңа басшы отандық ойыншыларға басымдық беріліп, шетелдік хоккейшілермен жасалған келісімшарт бұзылатынын ескертті. Бірақ кейбір ойыншылар команда сапында қала береді. Қазір Барыс құрлықтық хоккей лигасының шығыс конференциясында ең соңғы 12-орында келеді.
Спорттық ғылым талқыға түсті. Астанада Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы Кореяның спорт ғылымы институтымен бірлесіп ЮНЕСКО бағдарламасы шеңберінде жаһандық дәріс өткізді. Бұл спорт ғылымы мен білім беру саласындағы мамандар үшін тәжірибе алмасу алаңы саналады. Енді тараптар бірлескен ғылыми зерттеулер жасауға ден қояды. «Спорт ғылымын дамыту салада кадр даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді»,– дейді жауаптылар. Сонымен қатар академия Польшадан мамандар шақыртып, орта және жоғары буын басшылар мен менеджерлерге арналған интерактивті іс-шара өткізді.
Болатбек Дүкетаев, Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясының ректоры:
-Осы жерде талқыланатын сұрақтар – ол спорт менеджменті, ол спортты цифрландыру, ол деген жасанды интелект. Қазір жасанды интеллект заманы болып тұр ғой. Сондықтан оны спортқа қалай енгізу керек. Спортпен қалай қарым-қатынас жасау керек. Соның бәрін қазір талқылап, осы жұмысты жасап отырмыз.
Қазақстандық спортшылар эстетикалық гимнастикадан Азия чемпионатында топ жарды. Гонконгтағы сайысқа 13 елдің спортшылары қатысты. Балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында өткен бәсекеде Қазақстан құрамасы 10 медаль ұтып алды. Оның төртеуі бас жүлде. Біздің бұрымдылар 16 жасқа дейінгілер жарысында топтық сында жеңіске жетті. Балалар бәсекесінде де қазақ қыздарының мерейі үстем болды.
Авторы: Қанат Базылхан