Черногорияда бокстан жастар арасында әлем чемпионаты басталды. Спорт жаңалықтары
26-шы қазанда бокстан жасөспірімдер арасында әлем чемпионаты басталады. 19 жасқа дейінгі былғары қолғап шеберлерінің жарысы АҚШ-тың Пуэбло қаласында өтеді.
Қазақстан құрамасы сапында Ерасыл Аманғалиев, Асылхан Көшербай, Диас Серікұлы және Даниял Райымбеков сынға түседі. Бұл әлем біріншілігін жаңадан құрылған Word Boxing Халықаралық федерациясы ұйымдастырады. Ал жастар арасындағы әлем чемпионаты Черногорияда өтіп жатыр.
Черногорияның Будва қаласында бокстан жастар арасында әлем чемпионаты басталды. Жарыстың алғашқы күні шаршы алаңға шыққан төрт жерлесіміздің үшеуі келесі кезеңге жолдама алды. 60 келіде Алексей Хаванцев қырғыз Әлихан Майранбековтен басым түсті. Ал 86 келі салмақтағы Бақытжан Айтмұханов беларусь Андрей Румянцевтен жеңіліп, әлем біріншілігін ерте аяқтады. Қыздар арасында Аружан Жанғабаева мен Толғанай Қасымхан екінші кезеңге өтті. Аружан ресейлік қарсыласынан айласын асырса, Толғанай Венесуэла боксшысын тоқтатты.
Албания астанасы Тиранада күрестен 23 жасқа дейін балуандар арасында әлем чемпионаты өтіп жатыр. Бүгін кілемге қыздар шықты. 50 келідегі Лаура Ғаниқызы мен 76 келідегі Алина Ертөстік қола жүлде үшін белдеседі. Лаура жұбаныш кездесуінде словакиялық Кристина Басичтен басым түсті. Енді ол былтырғы әлем чемпионы жапон қызы Уми Итомен үшінші орын үшін күреседі. Алина украиналық қарсыласын жеңіп, жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Ол да жапон балуанымен кездеседі.
Қанат Базылхан