Балалар мен жасөспірімдер спортын қаржыланыру жүйесі өзгереді. Спорт жаңалықтары
Енді жан басына қарай ақша бөлінеді. Пилоттық жобаны келер жылы Қарағанды мен Ақтөбеде енгізу көзделіп отыр.
Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова бастаған жұмыс тобы Риддердегі мамандандырылған олимпиадалық резервтегі интернат-мектепте болып, спортқа қатысты өзгерісті бірге талқылады. Бұл нысан 250 оқушыға шақталған. Жеткіншектерді спортқа баулумен 179 маман айналысады. Риддердің қысқы спорттың отанына айналу мүмкіндігі зор. Жақында 1200 метрлік шаңғы трассасы салынды. Енді спорт мектептері әдеттегі қаржыландыру түрінен бас тартады. Жаңа механизмнің тиімділігіне Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев тоқталды.
Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:
- Сметалық қаражаттан жан басына бөлу қаражатына көшеміз деп жатырмыз. Ол не береді? Біріншіден, сол қаражаттың өсуін береді. Қазіргі уақытта бүкіл қаражат есептеліп, Қаржы министрілігне өтініш білдірдік. Сондықтан заң аясында Үкімет тарапынан осы Мәжіліске енгізгелі жатырмыз.
Футболдан 2026-шы жылғы әлем чемпионатының жеребесі тартылады.
Доп додасына Еуропадан қатысатын құрамалардың себеті белгілі болды. Ұлттар лигасы аяқталған соң, іріктеу кезеңінің де ережесі реттелді.
Биылғы лигада сәтсіз ойнаған Қазақстан төртінші себетке түсіп қалды. Еуропа құрлығының іріктеу кезеңіндегі жеребе тарту рәсімі 13-ші желтоқсанда Швейцарияның Цюрих қаласында өтеді. 54 құрама 12 топқа бөлінеді. Әр топта төрт немесе бес командадан болады. Іріктеу матчтары наурыз айында басталады. Ойындар 2025-ші жылдың қараша айында аяқталады. Ал қосымша жолдамалар 2026-шы жылдың наурызында сарапқа салынады.
Алматы облысында таэквондодан ел чемпионаты өтті.
54 келіде Бегзат Қадырқұлов топ жарды. 68 келіде Дамир Шүленов жеңіске жетті. Ауыр салмақта Бауыржан Хасеновтың мерейі үстем болды.
Әйелдер арасында ең жеңіл салмақта Нодира Ахметова ел чемпионы атанды. 67 келіде Нұрай Құсайынова қарсыластарын қапы қалдырып, алтын медалға қол созды.