Қазақстанның әлемдік мұхитқа тікелей шығатын жолы жоқ. Бірақ жаһандық сауданың күретамыры өтетін жерде отырмыз. Кеше кемшілік саналған географиялық ерекшелік бүгін үлкен артықшылыққа айналып келеді. Өйткені Ормуз бұғазындағы жағдай теңіз жолдарының қаншалықты осал екенін көрсетті. Ал құрлық дәліздерінің құны арта түсті.
Қазір Қытайдан Еуропаға құрлықпен тасымалданатын жүктің 85 пайызға жуығы Қазақстан арқылы өтеді. Биыл тоғыз айда транзит көлемі 13,1 пайызға өсіп, 32,6 миллион тоннаға жеткен. Алайда мәселе тек жүктің көптігінде емес.
Сол жүктен елге қанша пайда қалып жатыр? Ендігі міндет – жай ғана транзиттік аумақ болмай, жол бойында өндірісті өркендетіп, логистиканы табыс көзіне айналдыру.
Президенттің тарихи мүмкіндікті мүлт жібермеу туралы ескертуі де осыдан. Өйткені Еуразияның қақ ортасында орналасу – табиғат берген артықшылық. Ал оны ұлттық байлыққа айналдыру – өз қолымыздағы міндет.
Руслан Бақытбекұл, тілші:
– Қытайдан Еуропаға Қазақстан арқылы тасымалданатын жүк көлемі өсті. Кейінгі 9 айда бір ғана Қорғас порты арқылы 7 мың жүк пойызы кәрі құрлыққа жөнелтілген. Елімізде қалыптасқан халықаралық дәліздер трансшекаралық сауда мен транзиттің артуына жол ашып отыр.
Мәселен, бір ғана Қорғас порты Қытайды 18 мемлекеттің 46 қала және аймағымен байланыстырып тұр. Бұл жолмен Еуропаға кейінгі 9 айда 12 миллион тонна жүк жөнелтілген. Оның ішінде автобөлшектерден бастап, тұрмыстық электронды заттар, құрылыс материалдары сияқты 200-ден астам тауар түрлері бар. Кейінгі 5 жылда Қазақстанда салынған және қайта жаңғыртылған теміржол желісі 5 мың шақырымға жуықтайды. Тағы 11 мыңы жөнделіп жатыр.
Шахрат Нұрышев, Қазақстанның Қытайдағы төтенше және өкілетті елшісі:
- 2027 жылы Бақты-Аягөз теміржол желісін іске қосу жоспарда. Бұл Қытай бағытындағы жүк тасымалының көлемін 20 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік береді. Биыл Арал-Каспий магистралінің құрылысы басталды. Жоба жүзеге асқан соң Транскаспий дәлізіндегі жолды мың шақырымға дейін, ал жүк жеткізу уақыты үш күнге қысқарады.
Екі ел арасын жалғап жатқан Достық-Мойынты желісінің екінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін де өткізу қабілеті едәуір артты. Сонымен қатар Алашаңқай және Алтынкөл-Қорғастың өткізу мүмкіндіктері кеңейтілуде. Бұл еліміздің Еуропа мен Азия арасындағы транзиттік көпір ретіндегі стратегиялық рөлін күшейтеді.
Чжан Ваньтин, Солтүстік-батыс университеті жанындағы «Бір белдеу – бір жол» және Еуразиялық экономикалық одақты зерттеу орталығының директоры:
- Қазір Қазақстанда автомобиль жолдары мен шекара бекеттерін жаңғырту, жүк тарату орталықтарын құру, көлік жүйесін цифрландыру жұмыстары қарқынды жүріп жатқанын көріп отырмыз. Мұның астарында маңызды стратегиялық ұстаным жатыр. Қазақстан өз аумағы арқылы өтетін транзиттік жүктермен шектелмей, жүк тасымалын өз ішінде ұйымдастырып, қызмет көрсетіп, қосымша құн қалыптастыруға ұмтылып отыр. Бұл мыңдаған жұмыс орындарын қалыптастырып, ұлттық көлік-логистика жүйесінің тиімділігін арттыра түседі.
Руслан Бақытбекұлы, тілші:
– Қазақстан мен Қытай арасындағы көлік байланысының нәтижесінде жүк тасымалы жылдан жылға артып келеді. 2026 жылдың қаңтар және қыркүйек айларында теміржолмен тасымалданған жүктің көлемі 28,4 миллион тоннаға жетті. Ал автомобильмен 8,5 миллион тонна жүк тасымалданған. Бұл өткен жылдан 71 пайызға көп.