Алматыда балаларға арналған лагерьлердің бірінде ұлттық құндылықтарды дәріптейді.
Мұнда жеткіншектер жент пен құрт жасап үйренеді. Қолөнер бұйымдарын тігуге машықтанады. Ханталапай, асық ату, күрес сияқты ұлттық ойындардың қыр-сырына қанығады. Осы жазғы демалыста мегополистегі мектеп оқушыларының 96 проценті лагерьге барады. Яғни 280 мың бала тынығады.
Әр демалыс орнының өзіндік бағыты бар. Робототехника немесе домбыра, жетіген, баян сияқты музыкалық аспаптарды үйрететін саланы таңдауға болады. Спорт, шығармашылық, экологиялық этномәдениет, IT және патриоттық тәрбиеге бағытталған лагерьлер де бар.
Марат Тәжібаев, қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары:
- 216 мектептің 200-інде осындай демалыс лагерьлері ашылды. 26 маусымнан 9 шілдеге дейін жұмыс істейді. 55 мың бала лагерьде тамақтанады. Жаз бойы мектептің қасындағы лагерьлерде 180 мыңнан аса бала демалады.