«Bala Turkvizyon-2015»

«Bala Turkvizyon-Қазақстан» жартылай финалында Қарағанды облысының намысын қорғайтын жеңімпаз анықталды.
Қарағанды облысы - «Bala Turkvizyon-Казақстан» Ұлттық іріктеуі өткен үшінші аймақ. Бүгінге дейін жартылай финалда өнер көрсететін жеңімпаздар есімі Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында белгілі болды.
Танымал әнші Нұржан Керменбаев және «Арай» тобының (Медет Көжекбаев пен Рысбек Аташев) мүшелері Қарағанды қаласына аймақтық іріктеудің жеңімпазын анықтау үшін арнайы келді.
Жүздеген қатысушылардың ішінде ең үздігі болып 12 жастағы Тұрсынхан Еркін танылды. Жеңімпаз Жезқазған қаласында тұрады. №1 орта мектептің оқушысы. Оның арнайы музыкалық білімі жоқ болса да, ән салуды жақсы көреді. Алты жасынан ән айтып машықтанған Еркін Майкл Джексон және Джастин Бибер сияқты әлемге танымал поп әнші болғысы келеді. Қазақ эстрадасында Айқынды сүйіп тыңдайды.
«Мен іріктеуде Батырхан Шүкеновтың «Отан ана» әнін орындадым. Себебі ән өзіме қатты ұнайды әрі дауысыма да жақсы келеді. Қазылар алқасына мені таңдағандары үшін алғыс айтамын. Әрқашан қолдау көрсетіп, сенім артатын ата-анама рахмет. Жартылай финалда туыстарым мен жерлестерімнің үмітін ақтаймын »,- дейді жас әнші.
Алдағы уақытта Тұрсынхан Еркін Астанада өтетін республикалық конкурста Қарағанды облысының намысын қорғайтын болады. Өнерлі өренге тек сәттілік тілейміз!