-Сіз «Көршілер» телехикаясында сантехник Жолдош ролін сомдадыңыз. Образға енудің қиындықтары болды ма?
Айқын, әнші
-Телехикая трагедиялық емес. «Көршілер» романтикалық комедия болғандықтан, образға ену аса қиындық туғызбады. Өзім бұрын құрылыста қызмет еткеннен кейін жұмысшының қандай болатынын білемін. Жалпылай алғанда да, Жолдош – өзіме жақын персонаж. Сондықтан рольді сомдау өзіме жеңіл болды.
-Өз үйіңізде сантехник болуға тура келген кездер болды ма? Жалпы үйдің шаруасына жәрдемдесесіз бе?
-Бұрын, әрине, көбірек жәрдемдесетінмін. Сантехниктің талай жұмысын өзім-ақ жасап, тіпті үйдегі жылу құбырлары да менің мойнымда болатын. Қазіргі кезде гастрольдік сапармен, басқа да жұмыстармен көп жүруіме байланысты үйдің шаруасына уақыт табыла бермейді. Керек кезде арнайы қызметкерлерді шақыртамыз.
-Телехикаяда барлық көршілер бірін-бірі таниды, өзара араласады. Ал қазіргі кезде қала тұрғындары арасында мұндай сирек кездеседі ме?
- Бұрынғы кезде барлығы жақын араласқаны шын. Оны сол кездегі қиындықтармен байланыстыруға болады. Барлығы дефицит болғанын білеміз. Көршіге амалсыз тұз, нан сұрап баруға мәжбүр болған кездер әркімнің басынан өткен шығар. Айналадағылармен араласпасаң, аш қалу әбден мүмкін еді. Қазір, құдайға шүкір, заман тыныш, заман жақсы. Әркім өз күнін өзі қөруде. Қалалықтардың көбісі – жан-жақтан келгендер. Бір-бірімен аса араласқылары да келмейді. Бірақ әртүрлі жағдай болады, көршілердің туысқаннан да жақын болып кететінін де көріп жүрміз.
-Сізді көршілеріңіздің бәрі де танитын шығар. Ал сіз көршілеріңізбен таныссыз ба? Қарым-қатынастарыңыз қандай деңгейде?
-Біз жер үйде тұрамыз. Бір көшенің бойында шамамен 15 үй орналасқан. Өзіме келсем, көршілерімнің тек бір-екеуін ғана жақсы танимын. Қалғандарымен сәлеміміз түзу болғанмен де, бір-бірімізді үйге шақырып, аса қатты жақын бола қойған жоқпыз. Алайда бір-бірімізбен қажетті ақпаратпен бөлісіп отырамыз, көмек сұраған кісіге қолымыздан келгенімізді жасаудан тартынбаймыз.
-Сценарий бойынша сіз көршілес Айсәуле есімді сұлуға ғашық болдыңыз. Алайда ол басқаны таңдайды. Сіз орындайтын «Алтыным» әнінің «Сол жылы көрші үйдің баласына мәңгілікке айырбастап кеттің мені!» деген сөздері еріксіз ойға келеді. Өміріңізде осындай оқиғаның орын алғаны болды ма?
-Кез келген адам ондайға тап болуы мүмкін. Менде де алуан түрлі жағдайдың болғанын жасырмаймын. Бірақ бұның осы әнге қатысы жоқ. «Көршілер» телехикаясы жайлы тіл қатсам, оған тапсырма бойынша екі саундрэк жазылды. Бірі көңілді келсе, екіншісі – лирикалық, мұңды ән.
-Егер сіз әнші мен актер арасындағы таңдау алдында тұрсаңыз, қайсыған тоқталар едіңіз?
-Әрине, әншілікті таңдайтын едім. Дегенмен, әншілікпен айналысқанда да актерлік шеберліктің қажет екенін мойындаймын. Сахнада тұрған адамға ойнауға тура келетін кездер жиі болып тұрады.
-«Көршілер» телехикаясының түсірілімі кезінде болған естен кетпес сәттер жайлы сыр шертсеңіз.
-Соңғы сериялардың бірін төбенің үстінде түсірдік. Кинода жайқалған жаз болса, шынайы өмірде күздің қара суық күндері тұр еді. Менің сол кездегі тоңғаным әлі де есімде. Өте суық болды. Әсіресе сантехниктің киімі жеңіл келетінін ескерсек. Айтпақшы, басқа актерлар костюмдерін қайта-қайта ауыстырған болса, мен бүкіл түсірілім барысында бір-ақ костюммен ойнадым.
-Сөйлемді жалғастырыңыз. «Көршілер» телехикаясын міндетті түрде көріңіздер, өйткені...
-Күлкі адамның өмірін ұзартады. Сондықтан телехикая сыйлайтын жақсы көңіл-күй сіздің денсаулығыңызға пайдалы!
-Сұхбатыңызға рахмет!
9 қараша, 2015ж
Авторы: Ботагөз Оспанова