Ал келер жылы Автомобиль жолдары комитеті ұзақтығы 5,5 мың шақырым 13 бағыттағы жолдардан ақы алмақ. Қазақстандықтар қай жолға қанша төлейді?
«Астана – Бурабай» тасжолы. Былтыр осы жолмен жүріп өту үшін қазақстандықтар 1,5 млрд теңге төлеген. Бұл – елдегі жалғыз ақылы жол. Әзірге. Ал жиналған қаржы қайда жұмсалып жатыр?
Әлиасқар Мусин, «ҚазАвтоЖол» ҰК «Ақылы автомобиль жолдары дирекциясы» бөлімше директорының орынбасары:
- Ең маңыздысы жолды күтіп-ұстауға республикалық бюджеттен қаржы бөлінбейтін болды. Бюджет кодексіне сәйкес, жиналған қаржының барлығы жолды баптауға жұмсалады. Жөндеу жұмыстары, қажетті құрал-жабдықтар деген секілді. Бейнекамералар, ақша қабылдайтын құрылғылар, шлагбаумдар, бұлардың барлығын орналастыру күрделі жұмыс әрі арзан емес.
Енді 10 күннен соң, яғни 25 қаңтардан бастап «Астана – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» бағытындағы жолдардан ақы алынады. Оның құны жолдың ұзақтығы мен көліктің салмағына байланысты. «Ал ақыны алдын ала төлегендерге тариф екі есе төмен болады», – дейді Автомобиль жолдары комитетінің өкілдері.
Сайранбек Бармақов, ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті төрағасының орынбасары:
- Астанадан Теміртауға дейін 200 теңге, егер алдын ала төлесе, онда 400 теңге. Ал Алматыдан Қапшағайға дейін алдын ала төлесе 100 теңге, қолма-қол ақшамен 200 теңге. «Алматы – Қорғас» аралығында алдын ала төлесе 300 теңге, қолма-қол ақшамен 600 теңге. Бұл жеңіл көліктерге ғана арналған. Жүк тасымалдайтын машиналар, автобустар бар, олардың өздерінің таситын жүктерінің салмағына қарай арнайы тарифтері бар.
Ақылы жолдар өз-өзін ақтайды. Мысалы, 25 қаңтардан бастап ақы алынатын 3 жолдан жыл сайын 4 млрд теңге төңірегінде табыс түседі. Бұл біріншіден, бюджетке түсер салмақ азаяды деген сөз. Яғни осынша ақша жолды күтіп-ұстау үшін бюджеттен бөлінбейді. Екіншіден, жол азабы азаяды. Тағы бір мысал, бұрын Астанадан Бурабайға жетуге 4 сағат кетсе, қазір екі сағат жетіп жатыр. Бұл – бензинге үнем. Оның үстіне тақтайдай тасжолдар көліктің күйін сақтайды. Автомобиль жолдары комитеті келер жылы 13 бағыттағы жолды ақылы қылмақ.
- Бұл 5,5 шақырым. «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізі. Қазір ақылы болғаны «Алматы – Қорғас» қана. Енді ары қарай Алматыдан Жамбылға, Жамбылдан Шымкентке, Шымкенттен Қызылордаға, Қызылордадан Ақтөбеге, Ақтөбеден РФ шекарасына дейінгі жол толығымен ақылы болады деп жоспарланып отыр.
2021 жылға дейін елдегі жолдардың 80%-ы жөндеуден өтеді. Кейін олар кезең-кезеңімен ақылы жолға айналады. Яғни Қазақстанда болашақта негізгі тасжолдар ақылы болуы мүмкін.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Лаура Байбатчанова, Азамат Сәметов, Нұрлан Оспанәлі