ШҚО-да 74 елді мекенді су басуы мүмкін

  • 1645
  • 21.02.2019, 19:11

Бұл негізінен Қатонқарағай, Бесқарағай, Шемонаиха, Барадулиха, Алтай аудандарындағы ауылдар. Өскемен мен Семей және Риддер қалалары да қауіпті аймақтар қатарында. Сондықтан тасқынға тосқын шараларын күшейту үшін облыс бойынша 6 жұмыс тобы құрылды. Ал атқарушы билікті аймақтағы гидротехникалық нысандардың жағдайы алаңдатуда. Бүгінде өңірде ірілі-ұсақты 222 су қоймасы бар. Облыстың коммуналдық меншігіндегі 66 бөгеттің 15-ін жөндеу қажет. Қауіпті деген 5 бөгеттің суын өткен күзде ағызып жіберген. Олар – Глубокое және Көкпекті аудандарында жарты ғасыр бұрын салынған ең үлкен тоғандар. Ал ескі бөгеттерді жөндеу үшін 267 млн теңге қажет.

Мұрат Құсаинов, облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы:

- Көктемдегі су тасқынынан кейін қандай жағдайлар болады? Оны тексеру жұмыстары басталады. Әрі қарай да қосылатын шығар деп ойлаймыз. Оған да облыстан бюджет қарастырамыз.

Жадыра Аманғалиқызы, облыстық ТЖД баспасөз қызметінің өкілі:

- Күштер мен құралдар барлығы дайындыққа келтірілген. 6 мобильді топ құрылған. Жеке құрамнан 1000 шақты адам, 300-дей көмекші құрал, 60 шақты жүзу құралы дайындыққа келтірілген.