Сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен қалған темір ыдыстағы қою сүт, қаңылтыр құтыдағы шоколад, темекі қорабы және Бірінші дүниежүзілік соғыс кезеңіне тиесілі күміс қасық пен шанышқы, бейсбол таяғы. Барлығын Қарағандыдағы тарихи-өлкетану музейінде «Өмір мен өлім арасындағы заттар» көрмесінен көре аласыз. Боксер қолғабы, радиоқабылдағыш, сусабын секілді 182 экспонат түгелдей Швецияның Стокгольмдегі әскери музейінен жеткізілген. Жеңіс мерекесі қарсаңында өткен көрменің ерекшелігі – бір де бір қару, әскери киім жоқтығы. Тек жауынгерлердің күнделікті қолданған заттары қойылған.
Ержан Нұрмағанбетов, облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры:
- Көрменің тағы бір ерекшелігі, бұл – артефактілердің әртүрлі армияларға жатуы. Оның ішінде неміс, француз, въетнам, ағылшын, орыс армиясы бар. Әрбір солдат өзінің сөмкесіне салып, кезінде ұстап жүрген дүниелер. Қазір соның бәрі халыққа мұра болып қалды.