Хабар телеарнасы

«Хабардың» белді журналистері студенттерге онлайн дәріс оқып жатыр

«Хабардың» белді журналистері студенттерге онлайн дәріс оқып жатыр

Заманауи медиадағы тенденциялар мен жаһанды жалмаған коронавирус ахуалын жан-жақты әрі дұрыс жеткізе білудің қыр-сыры қандай?

Мерей Мұратханқызы, тілші:

- Әлеуметтік желі мен кәсіби журналистика жарысып жатқан заманда тілшінің бесаспап болуы маңызды. Болашақ мобильді журналистің қолында. Еуразия ұлттық университетінің студенттері бұл үдеден шығатындай. Бірін бүгінгі медиадағы трендтер қызықтырса, енді бірін пандемия кезіндегі ақпаратты тарату ерекшелігі ойландырады. Өзін Президент пулында көретін болашақ әріптестеріміз де бар.

Арман Балтабайұлы, EL ARNA телеарнасының директоры:

- Президенттік пулда жұмыс істеу – өте қызық дүние. Ең бастысы, менің ойымша, ақпарат өте көп болады. Соның бәрін дер кезінде жинақтап, ең маңыздысын анықтап, бәрін орын-орнына қойып, соны эфирге дер кезінде жеткізу керек.

Иә, көрермен мен тыңдарманға сенімді ақпарат тарату маңызды. Кәсіби журналистиканың әлеуметтік желіден айырмашылығы осында. Он күнге жалғасатын онлайн кездесуде «Хабардың» тізгіншілері студенттерге танымды дәріс береді.

Қайрат Сақ, ЕҰУ журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор:

- Ол декадаға біздің білім алушыларымыз жан-жақты республиканың түкпір-түкпірінде оқып жатқан студенттеріміз қатысады. «Хабар» Агенттігінің майталман журналистері өздерінің шеберліктерімен бөліседі. Бұл студенттеріміздің теориялық білімдерін практика жүзінде шыңдауға мүмкіндік береді.

Серікзат Дүйсенғазы, ЕҰУ телерадио және байланыс кафедрасының меңгерушісі, доцент:

- Бүгінгі студент – ертеңгі маман. Келешек «Хабардың», басқа арналардың мамандарын дайындап жатырмыз. Соларды белгілі тележурналистердің алдынан өткізіп, олардың тәжірибелерін көрсетіп, ұсынуды мақсат тұтқан болатынбыз.

Университет пен арнаның мұраты бір. Zoom платформасы арқылы өткізілген шеберлік дәрісіне 700 студент қатысады. Басты ой – қашықтан оқып жатқан студенттердің уақытын тиімді өткізіп қоймай, маман ретінде қалыптасуына жағдай жасау. Оқу орнында «Хабарға» арналған аудитория да бар.

Ринат Кертаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма Төрағасының бірінші орынбасары:

- Бұл бірінші кезекте біздің болашақ қызметкерлеріміз, бүгінгі студенттер – болашақ әріптестеріміз алдындағы компанияның корпоративті әлеуметтік жауапкершілігін білдіреді. Бұл біздің карантин жағдайында тек өзіміздің жұмысымызбен айналысып қоймай, ұрпақтар сабақтастығын қолдайтынымызды, өзіміздің білетін дүниемізді болашақ журналистерге, жас мамандарға сіңіру жауапкершілігін көрсетеді деген ойдамыз.

Болашақ журналистер де бұған сенімді. Айта кету керек, онлайн дәріс «Хабар» Агенттігінің 25 жылдығы мен журналистика және саясаттану факультетінің 10 жылдығы аясында өтіп жатыр.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Ербол Дайыров