«Хабар» Агенттігі ширек ғасырлық тарихында телевизиялық режиссерлердің мектебін қалыптастырды
Бұл – «Жүз жыл, жүз күн» бағдарламасы. Продюсері Серік Абас-шах болса, режиссері – Мұрат Бидосов. «Бұл менің «Хабар» телеарнасында жасаған алғашқы жобам», – дейді режиссер. Мұрат Бидосов арнаға мыңжылдықтар тоғысында келгенін айтады. Продюсермен ақылдаса отырып, бағдарламаға «Жүз жыл, жүз күн» деп ат қоюуы да сондықтан.
Мұрат Бидосов, режиссер:
– 2000 жылға 100 күн қалған кезде басталған еді. 100 жылда не болғаны туралы хронологиялық документалды, арасында постановочный сахналары болған үлкен проект. Содан кейін «Ұят болмасын», «Біздің көшенің тұрғындары», «Ауылдың алты ауызы», «Алтыбақан» деген көптеген проектілер жасалынды.
«Хабар» телеарнасының деректі фильмдері мен заман талабына сай жасалған ток-шоулары да көрерменнің көзайымына айналды. «Хабарда» шыңдалған режиссерлер бүгінде өзге арналарда бас режиссер қызметін атқарып жүр. Кино әлеміне аяқ басып, талай көркем фильмдерді өмірге әкелді.
Мұрат Бидосов, режиссер:
– «Хабарға» айтатын бір алғысым – қазақ телевизиялық режиссерлердің деңгейін, сапасын көтерді. Оған дейін мысалы, көптеген проектілерде, программаларда ең бастысы редакторлық жұмыс болатын болса, сол кезде режиссуралық жағына көп көңіл бөлді. Сол кезде біраз жігіттер жұмыс істеп, еңбек етті.
Телевизиядағы ерекше жанрдың бірі ол – жаңалықтар. Режиссер Тұрсын Ыдырысова осы салаға еңбегі сіңген маман. Ол тікелей эфир, телекөпір өткізудің шебері болды. Телевизия саласының ардагері Астанада «Хабардың» қосыны ашылған уақытта ең алғашқылардың бірі болып барды.
Тұрсын Ыдырысова, ардагер режиссер:
– Алматыға барып, қайтадан монтаж үйреніп, БТК аппарат монтажын үйреніп «Инженер монтажа» деген сертификат алып келдім. Инженер-монтажа болып жұмыс істедім. Режиссер де өзім, инженер-монтажа да өзім, архивариус та өзім болдым.
Гүлжан Төлеубаева «Хабар» Агенттігі құрылған алғашқы күннен бастап қызмет етіп келеді. Қазір ол – жаңалықтардың режиссері. Елдің тыныс-тіршілігі мен дүниені дүр еткізген оқиғалар үнемі назарда. Бірде өрт, енді бірде су тасқыны болып жатады. Осындай кезде жаңалықтардың режиссері журналистпен, оператормен бірге қайнаған оқиғаның ортасында жүреді.
Гүлжан Төлеубаева, «Хабар» Агенттігі» АҚ режиссері:
– Алғашында әкімші болып қызметке тұрдым. Содан кейін білімімді толықтырып, режиссерлікке ауыстым. Біздің жұмыста қызықты оқиғалар мен қауіпті жағдайлар қатар жүреді. Жаңалық болған соң уақытпен санаспаймыз. Түннің бір уағында да тікелей эфирге шығатын уақыттар болады. Егер мамандығыңды жақсы көрсең, шаршағаныңды сезбейсің.
Режиссерлердің жұмысы кадр сыртында болғанымен, жуапкершілігі зор қызмет. Қарыштап дамыған ақпараттық технологиялар бұл салаға да көп өзгеріс әкелді. Сол себепті режиссерлер де заман талабына сай бейімделіп, жаңалықты көрерменге жеткізудің соны әдіс-тәсілдерін меңгеріп отырады.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Валентин Лобанов