Астанада бокстан Елорда кубогы халықаралық турнирі өтіп жатыр. Спорт жаңалықтары
Мамырдың 19-ы мен 23-і аралағында дзюдодан Абу-Дабиде өтетін әлем біріншілігіне баратын спортшылар белгілі болды. Ерлер арасында 11, ал қыздар арасында 7 дзюдошы ел намысын қорғайды. Ұлттық құрама сапында Елдос Сметов пен Әбиба Әбужақынова секілді тәжірибелі спортшылар да бар.
Астанада бокстан Елорда кубогы жолындағы халықаралық турнир өтіп жатыр.
Олимпиада қарсаңындағы қара жарысқа жастармен қатар ұлттық құраманың кіл мықтылары да қатысып жатыр. Жерлестеріміздің басым көпшілігі жеңіске бастар жолдан адаспай келеді. Бірақ аттан ауып жатқандары да аз емес. Бүгін 63,5 келі салмақта Ертуған Зейнуллинов Иран боксшысына есе жіберсе, дәл осы салмақта Бекзат Мағжан Өзбек Адхамдон Мухиддиновтан ұтылып қалды. Ал Жандос Қыдырәлиев пен Бақтияр Анарбаев және Алмат Әбдіуәли, Алмас Дүйсенқұлдар келесі кезеңге жолдама алды. Ауыр салмақтағы Қамшыбек Қоңқабаев пен Айбек Оралбайлар бүгінгі жекпе-жектерін жеңіспен аяқтады. Жарыс 18 мамыр күні мәреге жетеді.
Талдықорғанда ауыр атлетикадан жасөспірімдер арасында Қазақстан чемпионаты өтіп жатыр.
Ұлттық біріншілікке еліміздің түкпір-түкпірінен 350-ден аса үміткер келіпті. 20 салмақ дәрежесі бойынша сынға түсіп жатқан ауыр атлеттер жекелей және командалық есепте жүлделі орындарды өзара сарапқа салады. Қос сайыс қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен зілтеміршілер ұлттық құрама сапына алынып, күзде Филиппинде өтетін Азия чемпионатына, одан кейін әлемдік додаға қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Нұрәлі Дәулетбек, жарысқа қатысушы:
-Бұл менің жетінші жарысым. Осы жарысқа рывок 35-тен көп, толчок 45-тен көп көтеремін деп отырмын. Мүмкіндік болса, одан да көп көтеруге тырысам. Бірінші орынды көздеп отырмын.
Қонаевта шағын футболдан Амантай Сіргебаевты еске алуға арналған ашық турнир өтті.
Қонаев қаласында жасөспірімдер арасында шағын футболдан Амантай Сіргебаевты еске алуға арналған ашық турнир өтті. Үш күнге созылған доп додасына 12 команда, 200-ден астам жас аяқдопшылар қатысты. Жарыс нәтижесі бойынша бірінші және екінші орындарды Алматы қаласының командалары иеленсе, үшінші орын Қонаев қаласының жас футболшыларына бұйырды. «Болашақта осындай турнирлерді дәстүрлі түрде ұйымдастыру жоспарымызда бар. Бұл балаларды жастайынан спортқа баулып, елімізде футболды дамыту үшін аса қажет»,— дейді шараны ұйымдастырушылар.