«Хабар» Агенттігінің қызметкерлері қоныс тойын тойлауда
Агенттік тәуелсіздік алған жылдары халықпен бірге дамып, ресми және шынайы жаңалықтың жаршысы болып келеді. Елдегі бұқаралық ақпарат құралдары «Хабар» Агенттігіне қарап бой түзеді. Елорданың қақ ортасында арнамен аттас тұрғын үй кешені салынды. Пәтерлер Агенттік қызметкерлеріне қолайлы шарттармен сатылды. Жаңа қоныс иелері бүгін өздерінің алғашқы сыйлы қонағын қарсы алды. Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев пен сала министрі Аида Балаева Агенттік қызметкерлерін құттықтау үшін тұрғын үй кешеніне арнайы барды.
Бұл – 200-ден астам «хабарлықтың» құтты мекені болған «Хабар» тұрғын үй кешені. Қаланың қақ ортасында орналасқан. Жер асты паркингі бар, ауласы мұнтаздай заманауи ғимарат. Пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстады.
Дәурен Абаев, ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары:
- Қазақтарда «үй болмаса, күй болмайды» деп жақсы айтылған. «Үй» деген ол – үлкен шаңырақтың бастауы. Сондықтан үйлеріңізде тек бақ-береке болсын, той болсын, жақсылық мол болсын. Бұл бастама бұл баспана үлкен бастаманың алды болсын.
Арна басшылығы қызметкерлерді баспанамен қамту бастамасын 2008 жылдан бері қолға алып келеді. Осы жылдар аралығында қаншама жұмысшысына қызметтік пәтерлер ұсынып, өз баспанасына ақша жинауына мүмкіндік жасады. Бұл «Хабар» Агенттігін өзге арналардан ерекшелеп тұратын игі дәстүр деуге болады.
Аида Балаева, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі:
- Басшыларыңыз осындай мүмкіндікті тудырып отыр. Өйткені адам өзінің баспанасында отбасының қызығын көріп, әрқашанда жақсы көңіл-күймен жұмысқа келіп отырса, жұмыстың да нәтижелі болатыны сөзсіз.
Тұрғын үй кешені салынған жер учаскесі агенттікке тиесілі. Ал үй салудың барлық шығынын құрылыс компаниясы көтерген. Пандемияға қарамастан небәрі 8 ай ішінде салынып бітті. Нарықта әр шаршы метрі 380 мыңнан сатылатын пәтерлер агенттік қызметкерлеріне 270 мың теңгеден сатылды. Пайызсыз бөліп төлеумен алғандары да бар.
Ерлан Бекхожин, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма төрағасы:
- Журналистер күні қарсаңында Агенттік қызметкерлеріне осындай тосын сый жасап, үлкен қуаныш сыйладық. Баспана – бұл әр адамның өсіп-өнетін, бақытының бастау алатын мекені. Қызметкерлерімізге осындай мүмкіндік жасай алғанымызға қуаныштымын. Бұл біздің игі дәстүрімізге айналады деп сенемін.
Бұл – «Жаңалықтар» бөлімінің қызметкері Достықтың шаңырағы. Телеарнада табан аудармай, 9 жыл қызмет етіп келеді. Қатардағы тілшіліктен шығарушы редакторға дейін өсті. 8 жыл бойы қаладан 30 шақырым қашықта тұрып келді. Бірақ бұл қашықтық «Хабарда» қызмет етуіне кедергі келтірмеді. Жұмысына жауапты қызметкерге басшылық 3 бөлмелі пәтердің кілтін берді.
Достық Талғатұлы, «Хабар» телеарнасы, «Жаңалықтар» бөлімінің шығарушы редакторы:
- Мына жерде қонақ күтетін бөлме. Мына жақта балалардың бөлмесі , анамыздың бөлмесі. Өзім «Хабар» арнасында 9 жылдан бері еңбек етіп келе жатырмын. Соны ескеріп, осы көпбалалы отбасы екенімді елеп, 3 бөлмелі пәтер беріп жатыр. Өзіміз журналист болғаннан кейін жұмыс бабымен көптеген отбасылардың баспаналы болып жатқан сәтіне куә болдық. Қуаныштарын көрдік. Оны өзіміздің эфир арқылы бердік. Міне, бүгін де өзім де сондай қуанышты сәтте тұрмын.
Шынар Бекбаева, Нұр-сұлтан қаласының тұрғыны:
- Әкесінен 6 жасында қалып еді. 27 жыл болды әкесінің қайтқанына. Енді ұлым еңбегінің арқасында үй алып, менің төбемді көкке көтеріп, төрт бірдей немере сыйлап отыр. Бүгін қатты қуанып отырмын.
Агенттік «Хабар», «Хабар 24», «Kazakh tv», «El arna» сынды төрт телеарнаның басын қосады. Елдегі ең ірі медиахолдингтердің бірі саналатын ұжымның бұл бастамасы өзге арнаға үлгі боларлықтай.
Авторлары: Шынар Асанқызы, Серік Қоңырбаев