EL ARNA телеарнасы «Жарық» атты қысқаметражды фильм түсірді
Режиссер Нұржан Сәлімовтың туындысы – өмірін театр сахнасын жарықтандыруға арнаған қария жайлы. Көркем шығарманы алдымен «Шарапат» әлеуметтік орталығының қариялары тамашалады. Көрсетілім концертке ұласты. Мәдени шараға әлеуметтік мекеменің 100-ден аса қарты қатысты. Кинозалға жиылған көрерменге эстрада жұлдыздары ән арнап, мерекелік көңіл-күй мен бағалы сыйлықтар табыстады. «Хабар» Агенттігінің ұйытқы болуымен өткен шараға «R&S MEDIA» серіктестігі мен құрылыс саласының одағы демеушілік етті.
Азамат Сағат, EL ARNA телеарнасының редактор-журналисі:
- Біз қарттар үйінен бастауымыздың себебі – бұл фильм расында да қарттарымыздың жанына жақын бола ма әлде жоқ па, біз олардың проблемаларын нақты көтере алдық па, көтере алмадық па, соны көздеген едік. Егер біздің осы мақсатымыз жүзеге асса, онда біз барлық мемлекеттік арналардан және мемлекеттік ұйымдарда, университеттерде бұл фильм көрсетілетін болады.
Адель Сағындықова, «R&S MEDIA» ЖШС директоры:
- Бізді осы шараға демеуші болуға шақырғанда бірден келістік. Өз басым бұл іске үлес қосуға мүмкіндік туғанына қатты қуандым. Қарияларымызға теледидар және түрлі сыйлықтар тарту еттік. Енді мұндай іс-шараларға қатысуды дәстүрге айналдырмақпыз.