«Хабар» телеарнасының тікелей эфирінде көпбалалы отбасына пәтердің кілті табысталды
Тікелей эфирде «Хабар» Агенттігі және «Харекет» қоры бірігіп қолға алған «Берекелі жұма» әлеуметтік жобасы аясында 9 баланы тәрбиелеп отырған Батқаловтар отбасына жеке баспана сыйға берілді.
Әулеттің әкесі - Айдар Батқалов бір өзі екі жұмыста қызмет атқаруда. Интернатта өсіп тәрбиеленген ол осы уақытқа дейін отбасымен жалдамалы пәтерді паналап тұруға мәжбүр болды. Батыр ата-ана пәтерді жалға берушілердің көбі көпбалалы отбасына жалға бергісі келмейтінін айтты.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Tungi Habar бағдарламасындағы әлеуметтік жоба аясында көру қабілеті бұзылған анасына қолқанат болып отырған 10 жасар балаға, аутизм диагнозы бар үш баланы жалғыз тәрбиелеп отырған анаға телеарнаның тікелей эфирінде «Хабар» Агенттігі мен «Харекет» қайырымдылық қорының атынан пәтерлер берілді.
«Хабар» Агенттігі Басқарма Төрағасының міндетін атқарушы Ринат Кертаев:
- Мақсатымыз қоғам болып, көмекке мұқтаж жандарға қолдан келгенше қолдау көрсету, әр отандастарымызға жақынымыздай жәрдем жасау. Айдар Батқаловтың отбасын өз үйімен құттықтаймыз.
«Хабар» телеарнасындағы Tungi Habar бағдарламасы күн сайын сағат 22:30-да тікелей эфирде көрсетіледі. Tungi Habar шоуының жүргізушілері - театрдың танымал актерлері Мадияр Серікбаев пен Жанболат Найзабеков.