«Хабар» Агенттігі» жаңа телемаусымда көрермен назарына 40 жоба ұсынып отыр
«Хабар» Агенттігі» жаңа телемаусымда көрермен назарына бірнеше ойын-сауық бағдарламасын ұсынады.
Мәселен, енді ғана экранға шығатын «Дүлдүлдер дүбірі», «Жеті қазына» жобалары қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық құндылықтарын насихаттайды. Ал «Cover show», «Бегом за деньгами» бағдарламалары нағыз таланттар мен білімпаздарға жол ашады. Көпшіліктің көзайымына айналған «Келінжан» телехикаясы, «Әке бақыты» бағдарламасы да жалғасын табады.
Күзгі маусымды ашатын жобалардың бірі және бірегейі «Жеті қазына». Бұл ұғымның ішіне бүкіл қазақты сидыруға болады. Халқымыздың ән мен жырын, термесі мен күйі, суырып салма айтыс өнерін дәл осы бағдарлама насихаттайтын болады. Сондай-ақ мұнда спорт жарыстары да бар. Қатысушылар жекелей емес, облыстың атынан команда құрып сынға түседі. Олардың бәрі бірдей танымал емес. Мегажобаның көздегені ел ішіндегі таланттарды таныстыру.
Жұмабек Рахимов, бағдарлама қатысушысы:
-«Жеті қазына» телевизиялық шоуына біздің алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Осы жарысқа күллі Қазақстанның елді мекендерінен, жер-жерлерінен, ауылда көрінбей жатқан, танылмай жатқан таланттарды жарыққа шығару үлкен арман, мақсат болып келе жатыр.
Берік Уәли «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасы:
-3 қала 17 облыс қой. Бір-бірімен жұптасып, жеребе тартылып жаңа жылға дейін сайысқа түседі. Соңында жаңа жылда жеңімпаздарды анықтаймыз. Қорытындысында үлкен гала концерт болады. Ең үздіктер сол гала концертте өнер көрсетеді.
Ұлттық руханиятты ұлықтайтын тағы бір тың жоба – «Дүлдүлдер дүбірі». Бағдарламаның аты айтып тұрғандай басымдық ұлттық спортқа беріледі. Бәйге мен көкпар таспаға басылады. Шашасына шаң жұқпаған жүйріктер көрерменге таныстырылады. Тілші жобаны лайф форматта жүргізеді.
Сәкен Сейітхан «Дүлдүлдер дүбірі» бағдарламасының жүргізушісі:
-Құлагердей жүйрік тұлпарлар. Қазақстанда көпшілік. Оларды көрермендер біле бермейді. Тек бәйгеге барған адамдар көреді. Ал оның жүйрік екеніне баға береді. Біз барша қазақстандықтарға, барша көременге сондай мықты сәйгүлікті таныту мақсатында осы жобаны қолға алып, қазір жұмыс істеп жатырмыз.
«Cover Show». Жаңа телемаусымда экранға шығатын сазды ойын-сауық бағдарламасы осылай аталады. Жобада танымал әншілер көпшілік сүйіп тыңдайтын шығармаларды жаңа интерпретацияда жанды дауыста орындайды. Яғни әнге жаңа дем береді. Жас мөлшеріне шектеу жоқ. Қандай ән айтатынын өзі таңдайды.
Мейрамбек Беспаев, «Cover show» жобасының бас сарапшысы:
-Әр әншінің орындауы ерекше. Өзгешелік сол деп ойлаймын. Халықтың жүрегіне сіңіп қалған әндерді басқаша құлпыртып жатқан кезде ән жаңадан шыққан сияқты болады. Сол қуантады.
Осы күзде «Әке бақыты» жобасы екінші маусымын бастайды. Әдеттегідей бағдарлама отбасылық құндылықтарды дәріптейді. Оған танымал тұлғалар бала-шағасымен қатысып, әр қырынан көрінбек.
Гүлназ Алтынбек, «Әке бақыты» жобасының продюсері, режиссері:
-Қазір бізде қалыптасқан стереотип бар. «Әке ақша табушы түздің адамы» деген. Сол стереотипті бұзу мақсатында емес, сол стереотипті дұрыс жағынан халықтың алдына тарту ету мақсатында болады.
Хабардың және бір тартуы – «Келінжан». Көрерменнің ыстық ықыласына бөленген телехикаяның бұл 4-маусымы 41 бөлімнен тұрады. Онда отбасылық құндылықтар мен ұрпақтар сабақтастығы телехикая желісімен әдемі өріледі. Оған қоса, көпшілік хабардан «Бегом за деньгами» бағдарламасын тамашалайды. Бұл ойын-сауық және отбасылық телевикторина. Жеңімпаз жұп ақшалай сыйлыққа ие болады. Жалпы «Хабар» Агенттігі» жаңа телемаусымда көрермен назарына 40 жоба ұсынып отыр. Оның 25 - жаңа. Бұған қоса 4 деректі фильм мен 6 отандық телехикая көрсетілімге дайын тұр.
Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова