«Хабар» Агенттігі Бейжіңде өткен халықаралық форумға қатысты
«Хабар» Агенттігінің делегациясы Бейжіңде өткен аудиовизуалды интеграция бойынша Азия коммуникациялық форумына қатысты. Аудиовизуалды хабар тарату құралдарын дамыту мәселелеріне арналған ауқымды форумда 200-ден аса ірі масс-медиа өкілдері бас қосты.
Қытайда қазақ тілінде шығатын теле және аудио бағдарламалар қарқынды дамып келеді. Әсіресе заманауи озық медиа технологиялар қолдану арқылы контентті жедел тарату жолға қойылған. Көрші елдегі аудитория қазақстандық телеөнімдерге айрықша қызығушылық танытып отыр.
«Хабар» Агенттігі Бейжіңде өтіп жатқан халықаралық аудиовизуалдық форумда Қытайдағы жетекші телекомпаниялардың басшыларымен кездесіп, контент пен технология алмасу бойынша келіссөздер жүргізді. Қытайда екі миллионға жуық қандасымыз тұрады. Оларды ана тіліндегі сапалы өніммен Шыңжаңдағы «Жібек жолы» телекомпаниясы қамтамасыз етіп отыр. Аталған телекомпанияның директоры Ұлнұр Набижанқызы өздерінің теле өнімдерін қазақстандық аудиторияға ұсынуға мүдделі екенін жеткізді.