«Хабар» Агенттігі жаңа телемаусымын ашты
«Келінжан», «Оянған өлке», «Мектеп». Тың жобалар мұнымен шектелмейді. Эфир мәдени-саяси бағдарламалармен, деректі фильмдермен толығып, жаңа отандық телесериалдар шығады. Көз қарақты көрерменді арнамыз тағы несімен қуантады?
«Хабар» арнасы жаңа маусымда көрермен ықыласын ескеріп, көпшілік сүйетін туындыларды паш етпек. Күні кеше маусымның жаңа жобаларының таныстырылымы өтті.
Кемелбек Ойшыбаев, «Хабар» Агенттігі» АҚ басқарма Төрағасы:
- 20 астам деректі фильмдер дайындалып жатыр. 12 сериалдың тұсаукесері болады арасында. Барлығымызға халықтың қалаулысы болған сериал «Келінжан» сериалы да бар. Бесінші сезоны.
Эфирдегі отандық телесериалдардың үлесі биыл былтырғыдан 2 есе көп. Ішінде халық қалаулысы аталған жобалардың жалғасы да, жаңасы да бар.
Жайна Сламбек, «Хабар» телеарнасының директоры:
- Сонымен қатар біз көпшіліктің көңілінен шыққан «Бозторғай» сериалын жалғастыруды жөн деп таптық. Онда өздеріңіз білесіздер, жас отбасы 10 бала асырап алады жетімдер үйінен. Солардың тағдыры туралы. Соны біз жалғастырамыз. Сонымен қатар «Рауза. Сакураның гүлдеуі» бар, «Соңғы үміт» бар, «Әпке» бар.
Бұл маусымның елеулі жаңалығы – көрерменге жол тартар 7 жобада. «Арнайы репортаж», «Мектеп», «Сарбаз» бағдарламаларынан бөлек әр аймақта шешімі табылмаған түйткілді мәселелердің түйінін тарқатар жобалар да шығады. Мысалы, «Мәртебелі өнер» актерлар жайлы, «Оянған өлке» әкімдер туралы жоба қосылып отыр. Сонымен қатар былтырғы маусымда көрермен көңілінен шыққан «Cover Show», «Дүлдүлдер дүбірі», «Біздің мақсат», «Оян» сияқты бағдарламалар жалғасын табады. Жаңа маусымда, жаңа форматта, жаңа студиядан хабар таратады.
Авторы: Дана Әлиева