Әлем бойынша 8 мыңнан аса науқас көз жұмды
8 мыңнан аса науқас көз жұмды. Ресейде 79 жастағы науқас қайтыс болды. ДДСҰ алдағы уақытта қауіпті кесел Африка елдерінде де тез тарап кетуі мүмкін екенін ескертіп отыр. Халықаралық ұйым мәліметінше, коронавирусқа қарсы вакцина сынамадан өткізіліп жатыр. Ол дайын болғанша мамандар тұрғындарды карантинде ұстауды, дертке шалдыққандарды анықтап, олармен байланыс орнатқандарды бірден оқшаулау жөнінде кеңес беріп отыр.
Қытай коронавирустың таралуын ауыздықтады. Көрші елден келіп жатқан хабарға сүйенсек, қазір күн сайын жүздеген науқас дертінен айығып, үйлеріне оралуда. Десе де вирустың таралуын тежеу шаралары әлі күшінде. Ендігі мақсат – вирустың сырттан келмеуін қадағалау.
Чжун Наньнашь, пульмонолог:
- COVID-19 – өлім көрсеткіші жоғары жұқпалы ауру. «Дерттен айыққан адамда бұл ауруға өмір бойы иммунитеті болады» деген дәлел жоқ. Сондықтан тез арада вакцина шығару керек.
Елдің кей өңірлерінде оқушылар мектепке оралып жатыр. Мейрамханалар мен туризм нысандарының да жұмысы жандана бастаған. Індет ошағы болған Хубэйде жағдай тұрақталуда. Провинцияға өзге өңірлерден келген дәрігерлер үйлеріне қайтып жатыр. Бірақ сақтық шаралары қатаң сақталуда.
Париждің қазіргі кейпі осындай. Адам лық толы болатын туристік орындар қаңырап тұр. Көшеде жүрген адам аз. Дүкендер мен мейрамханалар жабық. Францияда карантиннің жарияланғанына үшінші күн енді болды. Халық арнайы рұқсат құжатсыз сыртқа шыға алмайды. Мұндай қатаң шара Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін алғаш рет енгізіліп отыр.
Еуропада коронавирус індетіне байланысты өлім-жітім деректері алғаш рет Азиядағы көрсеткіштен асып түсті. Соңғы мәліметке сай, кәрі құрлықта 3 жарым мыңдай адам коронавирус құрбаны болған. Жағдай әсіресе Италия, Франция мен Германияда өте қиын. Осы уақытқа дейін Германияда 12 мыңнан астам тұрғын вирус жұқтырған. Италияда науқастар саны 35 мыңнан асты.
Оңтүстік Америка елдері сақтық шараларын күшейтіп жатыр. Аргентина барлық елмен шекараны жапты. Жаңа тәртіп 15 күнге созылады. Індеттің таралуын тоқтату үшін Перу басшысы да шекара шебін қымтап, коменданттық сағат жариялады. Колумбияда да осындай жағдай. Чили төтенше жағдай режимін енгізді. Елде барлық білім беру мекемесі екі аптаға жабылған.
Індеттің таралуына байланысты АҚШ бірқатар ел азаматтарына виза беруді тоқтатты. Ал Нью-Йорк, Пенсильвания және Нью-Джерсиде ірі сауда орталықтары жабылды. Жергілікті билік тұрғындарға үйден шықпауға кеңес беріп отыр.
Амир Брахими, Нью-Йорк тұрғыны:
- Үйде отырған дұрыс. Біз көзімізге көрінбейтін жаумен күресіп жатырмыз. Сондықтан үйден шықпасаң, аман боласың. Отбасыңды қорғаудың жолы осы.
Иә, ең дұрыс шешім – үйде отыру. Әлемнің түкпір-түкпірінде енгізілген осы тәртіпке бағынып, үйлерінде отырған тұрғындар бір сәтте балкондарына шығып, дәрігерлерге қошемет білдіріп жатыр. Себебі қауіпті кеселмен күресуде алдыңғы шепке шыққан дәрігерлер қолдауға әбден лайық.
Авторы: Меруерт Жақан