Коронавирус әлемнің 186 елі мен аймағына тарады
Италияда вирусты 59 мың адам жұқтырып, 5 мыңнан астамы қайтыс болды. Ел өлім-жітім көрсеткіші бойынша көш бастап тұр. АҚШ науқастар саны бойынша Қытай мен Италиядан кейін 3-орында. Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, АҚШ-та COVID-19 35 мың тұрғыннан анықталды. Ал Қытайда вирус жұқтырғандардың 90% дертінен айықты. Қазір 5 мыңнан астам адам ауруханада ем алып жатыр. Десе де өзге елдерде індет тез тарап, оған қарсы шаралар барынша күшейтіліп жатыр. Сауд Арабиясында коменданттық сағат жарияланды. Мұндай ереже Грекия мен Үндістанда да күшіне еніп, тұрғындардың жүріп-тұруы шектелді.
Пандемияның Еуропадағы ошағы Италияда жағдай оңалмай тұр. Соңғы тәулікте коронавирустан 651 адам көз жұмып, құрбандар саны 5 мыңнан асты. Ал БҰҰ-ның мәліметінше, елде медициналық қызметкерлердің 20% вирус жұқтырған.
Германия канцлері үй карантиніне жатқызылды. Бұған Ангела Меркельге пневмокококк инфекциясынан екпе жасаған дәрігерден коронавирустың анықталуы себеп. Қазір елде індетті жұқтырғандар саны 25 мыңға жетіп, екі адамнан көп жиналуға тыйым салынған.
АҚШ вирус жұқтырғандар саны бойынша Қытай мен Италиядан кейін үшінші орында тұр. Соңғы тәулікте мұнда 9 мың тұрғыннан инфекция табылды.
Түркияда 65 жастан асқан және созылмалы ауруы бар тұрғындарға сыртқа шығуға тыйым салынды. Ереже елде жұқпалы індетке шалдыққан қариялардың артуына байланысты қабылданған. Соңғы ақпар бойынша, елде қауіпті дертке шалдыққандардың саны 1200-ден асты. 30-ы қайтыс болды. Дені – 60 жастан асқандар.
Ресейде тағы 71 адамнан коронавирус анықталды. Барлық халықаралық рейс тоқтатылды. Мектептер мен ЖОО қашықтықтан оқуға көшіп, халық көп жиналатын шаралар кейінге қалдырылып жатыр.
Коронавирус пандемиясына байланысты Олимпиада ойындарының мерзімі де шегерілуі мүмкін. Халықаралық Олимпиада комитеті соңғы шешімді алдағы бір айда қабылдамақ. Қазірдің өзінде Канада мен Австралия өз спортшыларын Токиода өтетін спорттық додаға жіберуден бас тартып отыр.
Авторы: Меруерт Жақан