Соңғы бір тәулікте COVID-19 кемінде 40 мың адамнан табылды
ДДСҰ дерегі осындай. Қауіпті кеселден көз жұмғандар саны 18 мыңнан асты. Соңғы 24 сағатта COVID-19 кемінде 40 мың адамнан табылды. Науқастар саны бойынша Қытай бірінші орында. Ал көз жұмғандар Италия мен Испанияда көп. Америкалық Джонс Хопкинс университетінің дерегінше, Италияда COVID-19 74 мыңнан астам тұрғыннан анықталып, 7,5 мыңы қайтыс болды. Қазір ел билігі індетті әрі қарай өршітпеуге, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге күш салып жатыр. Ал Испанияда вирусты жұқтырғандар саны 50 мыңға таяп қалды. 3600-і көз жұмды.
683. Бұл – Италияда соңғы бір тәулікте коронавирустан қайтыс болғандардың саны. Құрбандардың көптігі соншалық, жергілікті крематорийлер мен мәйітханаларда орын жоқ. Ауруханаларда мамандар тапшы. дәрігер 2-3 адамның қызметін атқаруға мәжбүр. Өкпені жасанды вентиляциялау құрылғылары да бәріне жетпейді.
Стефано Фаджиоли, аурухананың бас дәрігері:
- Медициналық қызметкерлер дамыл таппай тәулік бойы жұмыс істеуде. Пандемия қанша уақытқа созылатынын білмейміз. Сіздерге айтарым, үйде отырыңыздар. Өтінемін.
Аппенин түбегі елі коронавирус құрбандарының саны бойынша әлемде бірінші орында. Жергілікті тұрғындар: «Мұндай болады деп ешкім ойламады», - дейді. Алғашында «бізге жұқпайды» деп бейқамдық танытқандар қазір өзгелерге сақтанудың жолын түсіндіруде.
Фаусто Руссо, Италия тұрғыны:
- Мен алты күн, алты түн тыныс алуға көмектесетін құрылғы киіп жаттым. Сол кездегі жағдайымды түсіндіру қазір қиын болар. Уақыт өтпей қойғандай көрінді. Тек үкімет емес, Италия тұрғындары, біз де коронавирус қатерін ескермедік.
«Елемедік, ескермедік», – дейді тұрғындар. Алайда елдегі жаппай карантинге қарамай, әлі де сыртқа шығып, қалыпты өмірден бас тартқысы келмейтіндер де бар көрінеді.
Катено Де Лука, Мессина қаласының мэрі:
- Мен сендерді ертең ұстаймын. Қалада серуендеп жүрмейсіздер. Үйден шығуға тыйым сала алмаймын. Жақсы. Онда қала аумағындағы жерді аса қажеттіліксіз басуға тыйым саламын.
Антонио Тутоло, Лучеро қаласының мэрі:
- Сіз не үшін шаштаразға барасыз? Табыттар жабық болатынын түсінесіз бе?! Ешкім шаш үлгіңізді көре алмайды.
Мадрид емханаларында да науқастарға орын жоқ. Ауруханалардың вирус жұқтырғандарға лық толғаны соншалық, азаматтар дәлізде отыруға мәжбүр. Кейбірі тіпті еденде жатыр. Науқастар саны күн сайын артуда. Соңғы тәулікте Испанияда коронавирустан 738 адам қайтыс болып, құрбандар саны Қытайдан асып кетті. Қазір елде оқу орындары, дүкендер мен мейрамханалар жабық. Төтенше жағдай режимі 11 сәуірге дейін ұзартылды.
АҚШ-та коронавирустың таралу ошағына айналған Нью-Йоркте жасанды демалдыру аппараттары тапшы. Сарапшылардың есебінше, бұл өңірге 30 мың аппарат қажет, ал қолда төрт мың аппарат бар. Пандемияға байланысты қазір билік қатаң шараларды қолға алуда. Ережені бұзғандар айыппұл төлеп, жауапкершілікке тартылады.
Диана Кожанова, қазақстандық студент:
- Тұрғындардың барлығы үйде отырудың маңыздылығын түсіне бастады. Қазір бұған әр азамат жауапкершілікпен қарап отыр. Дүкендерде адамдар дистанцияны сақтап, бір-бірінен алшақ жүруге тырысады. Аса қажеттілік болмаса, сыртқа шықпаймыз.
Сақтық шаралары індеттің өршуін тежеп, сіздің де, өзгенің де өмірін сақтап қалады. Мамандар мұны эпидемия басталғалы бері айтып келеді. Себебі мыңдаған науқасты емдеу үшін дәрігерлерге уақыт қажет. Алайда уақыт ешкімді күтпейді.
Авторы: Меруерт Жақан