Ұлыбританияда өлім қаупін азайтатын препарат табылды
Британиялық ғалымдар ұзақ зерттеулерден кейін дексаметазон осындай қасиетке ие деген шешімге келді. Біріккен Корольдік үкіметі медицинада жарты ғасырдан астам басқа мақсатта пайдаланылып келген дәрі-дәрмекті жаппай қолданысқа енгізбек.
Ғалымжан Қараманұлы, тілші:
- Зерттеушілердің пікірінше, дексаметазон өкпесі жасанды желдету аппаратына қосылғандардың өлімін 35%, ал қанды оттегімен қанықтыру әдісімен емделіп жатқандардың өлімін 20% азайтады. Оксфорд университетінің ғалымдары жүргізген клиникалық сынамаға 2000-ға жуық науқас қатысып, дексаметазонның тиімділігі дәлелденген.
Зерттеуге қатысқандардың бірі – Дерек Слак. Ол ауруханаға ауыр жағдайда түсіп, оттегімен тыныс алған. Дексаметазон қабылдағаннан кейін беті бері қарапты.
Дерек Слак, зерттеуге қатысушы:
- Алғашқы 2-3 күнде мен қатты ауырдым. Ем қабылдағаннан кейін дәрінің тиімділігіне таңғалдым.
Дәрінің бағасы да қымбат емес. Демек ол науқастар саны көп кедей мемлекеттер үшін қолжетімді болмақ. Біздің ұлттық валютамен есептегенде, бір қорабы шамамен 2500 теңге тұрады. Зертеушілер тобын басқарған профессордың пікірінше, бұл өлім қаупін азайтатын әлемдегі әзірге жалғыз дәрі.
Патрик Хорби, зерттеушілер тобының жетекшісі:
- Егер біз оның тиімділігі туралы 4-5 ай бұрын білгенімізде көп адамды ажалдан аман алып қалар едік. Қазір біз пандемияның екінші толқыны алдында тұрмыз және дәрінің басқа науқастарға көмегі тиеді деген үміттеміз.
Дексаметазон – 1960 жылдардың басынан бері артрит және астмаға ем ретінде қолданылып келген стероид. Ғалымдар оның коронавирустың ауыр түрімен ауырғандарға көмегі болатынын айтады. Сырқаты жеңіл өтіп жатқандарға пайдасы жоқ.
Борис Джонсон, Ұлыбритания Премьер-Министрі:
- Британиялық ғалымдар үкіметтің қаржылай қолдауы арқасында әлемде бірінші болып клиникалық сынамалар жүргізу арқылы дәрінің тиімділігін дәлелдегенін мақтан тұтамын. Біз бұл бағытта зерттеулер жүргізе береміз.
Ғылыми жаңалыққа қарсы шыққандар да жоқ емес. Олардың пікірінше, гидроксихлорохин бастапқыда жұртты дүрліктіргенімен, оның тиімділігі уақыт өте жоққа шығарылған.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы