Біріккен Араб Әмірліктері Марсқа жер серігін сәтті ұшырды
Біріккен Араб Әмірліктері ғарышты игеру саласында орасан жетістікке жетті. Президент жеделхатында былтыр шілде айында Марсты зерттеуге жіберілген «Әл-Амал» спутнигінің планета орбитасына енуі әмірліктердің ғарышты игеруші үздік мемлекеттер қатарына кіргенінің дәлелі делінген.
«Ислам және араб әлеміндегі саяси-экономикалық негізі берік қалыптасқан, өңірлік және жаһандық тұрғыдан көшбасшылығы кеңінен мойындалған еліңіз қарқынды дамуын одан әрі жалғастыруына, мерейінің әрқашан үстем болуына тілектеспін. Әлемге әйгілі «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы Қазақстан мен әмірліктердің ғарыш саласына қатысты бірлескен бағдарламасының да болашақта нәтижелі боларына сенім білдіремін. Сіздің еліңізбен осы бағытта күш-жігер жұмылдыруға және ғылыми зерттеулер жүргізуге әрдайым дайын екенімізді нақтылаймын», – деп жазды Мемлекет басшысы жеделхатында.
Қасым-Жомарт Тоқаев шейх Мұхаммед бен Заид әл-Наһаянның аса жауапты қызметіне толағай табыс, ал бауырлас әмірліктер халқына баянды бақыт тіледі.