Толағай табыстан қағылған Түркия осы жазда 34 миллион туристі қабылдамақ ниетте
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркия толағай табыстан қағылып жатыр. Сондықтан ел билігі экономиканың темірқазығы саналатын туризмді шұғыл жандандырудың жолын қарастырып жатыр. Жаңа маусымның басталуына санаулы күн қалды. Ал Жерорта теңізі жағалауларына ең көп келетін Ресей шекараны уақытша жауып, әуе рейстертін тоқтатты. Ал түрік демалыс орындарына ең көп табан тірейтін екінші ел – Германия Түркияны «өте қауіпті» аймаққа енгізіп қойған. Ресми Берлин екпе егілгендерден бөлек Анадолыға барып келген азаматтарды 5 күн бойы оқшаулайды. Басқа Еуропа елдеріндегі үдеріс те осыған ұқсас. Ресеймен қоса, Қазақстан мен Өзбекстан да Түркияға әуе рейстерін азайтты. Сондықтан Түркияның саяхат агенттіктері Қырғызстанға үміт артып отыр. Соңғы ақпарға сәйкес Бішкектен Анталияға аптасына 7 рет ұшақ сапарын ұйымдастыру көзделген.
Фарук Элмалы, Туризм қауымдастығының басшысы:
- Ресейлік туристер 15 маусымға дейін келеді деп ойлаймын. Оған дейін екі ел арасындағы мәселелер толық шешіледі деп сенемін. Ресейлік қауымдастықтар мен саяхат агенттіктері де мәселенің шешілуіне мүдделі. Әрине, туризм секторындағы жағдайдан осы саламен тығыз байланыстағы 54 сектор мен 1 миллионнан астам жұмысшы зардап шегіп отыр.
2019 жылы Түркияға 51,7 миллион турист табан тірепті. Нәтижесінде елге туризмнен 34,5 миллиард доллар табыс түскен. Ал былтыр пандемия салдарынан саладағы табыс 12,59 миллион долларға азайып, 16 миллион адам ғана саяхат жасаған. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 65% кем. Енді Түркия биылғы маусымнан үмітті. Осы жылдың қаңтар-наурыз айларында елге 2,5 миллионнан астам жиһангез келіпті. Бұл өткен жылдардағы көрсеткіштен 50,66% төмен. Ал биыл 34 миллион туристі қабылдау көзделіп отыр. Бұл жоспар ойдағыдай жүзеге аса ма, жоқ па оны уақыт көрсетеді.
Меруерт Қанағат, тілші:
- Түркия – туризм саласын барынша жандандыру үшін түрлі бағдарламаны қолға алып жатыр. Мәселен, туристермен байланыста болатын әрбір тұрғынға екпе салдырмақшы. Мұны жергілікті мамандар: «қос деңгейлік қауіпсіздік» деп атайды. Жалпы елде былтырдан бері «Қауіпсіз туризм» бағдарламасы жұмыс жасайды. Бұл құжат түрін турист қабылдайтын әрбір жұмыс орны алуы тиіс.
Авторы: Меруерт Қанағат