Ауғанстанда тәліптер 12 адамнан құралған кеңес құрмақ
Сонымен қатар тәліптер жаңа кеңесте Панджшер провинциясындағы дала командирінің ұлы Ахмад Масудты да көргілері келетінін айтты. Ал президенттік лауазым немесе ел басқаратын жеке адамның қызметі болмайтын көрінеді.
Пентагон Ауғанстаннан адамдардың эвакуациялауын тамыздың соңына дейін аяқтауы керек. Аймақтан әлі қанша адам шығарылатыны белгісіз. Елдің қорғаныс министрлігі қолдан келгенше көп азаматты шығарады деп уәде етіп отыр. Қазір Кабул әуежайында көп адам жиналған. АҚШ билігінің хабарлауынша, 14 тамыздан бері әуежайдан 37 мыңға жуық адам шығарылды. Ал тәліптер: «Эвакуациялау мерзімін одан әрі ұзартпаймыз», - деп отыр. Яғни шетел әскерін тамыздың соңына дейін түгелдей елден шығарсын деген талап қойып отыр. Талибан қозғалысының өкілі төлқұжаты мен визасы бар кез келген адам Ауғанстаннан шыға алатынын айтады.
Қазір Ауғанстанда экономикалық ахуал ушығып барады. Тәліптер билікке келгелі, елді қымбатшылық қысып жатыр. Ұлттық валюта құнсызданған соң, азық-түлік бағасы шарықтап кеткен. Небәрі бірнеше күнде ұн, май, күріш сияқты тауарлар 20% дейін өскен. Бұдан бөлек, жұрт банктегі жиған-тергенін ала алмай әлек. Себебі елдегі ахуалға байланысты банктер мен валюта айырбастау мекемелері қызмет көрсетпейді. Шетелден ақша аудару да мүмкін емес. Өйткені өткен аптада Вестерн Юнион Ауғанстандағы жұмысын тоқтатқан.
Иран Талибан қозғалысынан тиісті өтініш алғаннан кейін Ауғанстанға бензин мен дизель отынын жеткізуді қайта бастады. Ауғанстандағы бензин бағасы тоннасына 900 долларға жеткен. Бағаның өсуін тежеу үшін Талибан өкілдері Ираннан саудагерлер үшін шекараны ашық қалдыруды сұрады. Қазір елге Ираннан отын тасымалдау тарифі 70% төмендетілді. Иран Ауғанстанға негізінен бензин мен газойль экспорттайды.