Лондонда Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған инвестициялық форум өтті
«Самұрық-Қазына» АҚ басқарма Төрағасы Алмасадам Сәтқалиев Лондон қор биржасының капитал нарықтары жөніндегі тобының жетекшісі Мюррей Рооспен кездесіп, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясын жекешелендіру мысалында Қор мен биржаның тиімді ынтымақтастығын тілге тиек етті.
«Қазатомөнеркәсіп» АҚ акцияларын жариялы түрде орналастыру тұңғыш рет Нұр-Сұлтан мен Лондондағы алаңдарда 2018 жылы жүргізілген. Ал 2019 және 2020 жылдары қосымша акциялар орналастырылды. Нәтижесінде, «Қазатомөнеркәсіптің» 25% үлесі жеке инвесторлардың қолына өтіп, компания 785 млн доллар көлемінде инвестиция тартты. Лондон қор биржасының капитал нарықтары жөніндегі тобының жетекшісі Мюррей Роос «Самұрық-Қазына» Қорымен серіктестіктің әлеуеті зор екенін ерекше атап өтті.
Сонымен қатар Лондонда Қазақстан – Британия іскерлік кеңесінің отырысы өтті. Бұл құрылымға «Самұрық-Қазына» Қорының басшысы Алмасадам Сәтқалиев пен Ұлыбританияның Қазақстандағы Сауда елшісі баронесса Эмма Николсон тең төрағалық етеді. Шараға қазақстандық және британиялық іскерлік қауымдастықтың өкілдері және халықаралық инвесторлар қатысты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының климаттың өзгеруіне арналған COP26 конференциясы қарсаңында отырыста қаралған басты тақырыптардың бірі – тұрақты даму мен 2060 жылға дейін көміртек бейтараптығына қол жеткізу мәселесі.
Іскерлік кеңес аясында «Самұрық-Қазына» мен ARQ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. ARQ басшысы Джулиана МакИнтайер мәлімдегеніндей, британиялық инвесторлар Қазақстан аумағында көмір өндіру қалдықтарын қайта өңдейтін кәсіпорын құрылысын жүргізуге қызығушылық танытып отыр.
Авторы: Ғалымжан Қараманұлы